Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

“Назарбаев, сен тыңда! Халқым саған айтам”. Мекемтас атаның ұсынысын қолдайсыз ба?

122

Елбасы ортаға қойған «Ұлттық код» ұғымына Мекемтас ақсақал «Ұлттық кодқа ерекше мән беру керек, бұл – шешуші мәселе!» деп  бір тоқтады.

Жалпы сұхбат барысында «Абайдың – ұлттық санамыздың тірегі!» екенін ғылыми һәм тарихи қисындармен дәлелдей келіп, сөз соңында «Мекемтас аға, сонда бір ауыз сөзбен жас ұрпаққа «Ұлттық кодтың не?» дегенде, оған не деп жауап беру керек?» деген сұраққа абыз қария ойланған жоқ.

«Абайдың философиялық лирикасы, ойлары – біздің ұлттық кодымыз!» деп бірден кесті.

Сөйтіп, абыз ақсақалымыз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ортаға қойған «Ұлттық Кодты» тұрақтандыруда табан тірер тиянағымызды белгілеп берді.

Қысқасы, ол – Абай. Енді қазақ осыған тоқтау керек!

Ал, әрі қарай не істеу керек?!

«Қазір Абайдың «Толық адам» ілімін сегіз университетте оқытып жатырмыз, балалардың беті бері қарап келеді», – дейді Мекемтас аға.

Олай болса, Елбасы мақаласында жолға қойылған қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асырушылар

тізімнің басына өзіміздің Хакім Абайды қоюы керек те, ары қарай, әлемнің таңдаулы 100 оқулығын емес, 99 оқулығын аударуға кіріссін! Абай – негіз, қалғаны соның аясында оқытылсын!!!

«Абай өзіміздікі ғой, ол былай да оқытыла береді!» деушілер де шығуы мүмкін.

Жоқ! Біз рухани жаңғыруда Абай ұлағатын дүниеге көзқарастың темірқазығына айналдыруға тиіспіз. Өйткені, Абай өз топырағымыздан өніп шыққан.

Қазақ руханиятына, жан әлеміне керектінің бәрі Құнанбайұлынан табылады. Елбасы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы тойды – Хакім Абайдың 150 жылдығын бастағаны және оны Қазақстан көлемінде емес, әлемдік деңгейде, ЮНЕСКО аясында тойлатқаны тегін емес.

Ендеше, өз кемеңгерімізді қайырып қойып, «Әлемнің таңдаулы 100 оқулығын» аудару кішкене оғаштау секілді.

Тіпті, қазақты Абайға қайта оралту, әлем назарын Абайға және бір мәрте аудару үшін символьдық тұрғыдан болса да, «100 оқулықтың» басында Абай бірінші болып тұрғаны дұрыс!

Әйтпесе, өзге жұрт қазақтың өзінде ештеме жоқ екен ғой деп ойлауы әбден мүмкін гой!

Мысалы, ертең қырғыздар «Әлемнің таңдаулы 100 оқулығы» жобасын білім беру жүйесіне енгізіп жатса, ешкіммен ақылдаспай-ақ, басына бірден өздерінің Манасын қояды.

Ал, Алматы мен Астанадағы екі жоғары оқу орнының қасынан екі бірдей орталықты ашып тастап, Қытайдың Күң Зысын (Конфуцийін) бізге әкеліп, оқытып жатқанына біраз жылдың жүзі болды…

Айтпақшы…

Абыз ағамыз осы сұхбат барысында Мұхтар Әуезовтың

«Абайдың шығысы батысынан басым!»

деген сөзіне ерекше салмақ түсіріп айтқанын да ескерген жөн.

Алдағы жерде «100 оқулықпен» айналысатын «Ұлттық аударма бюросы» аударма барысында Батыстан гөрі Шығыс елдерінің оқулығын көбірек аударуға мән бергені дұрыс. Өйткені, Абыз ақсақалымыз

«Батыс бізге техникасын берді, ғылымын берді. Бірақ ол бізге рухани ештеңе де бере алған жоқ. Қазір де бере алмайды.

Енді батысқа рухани сананы біз береміз!»

– деген жоқ па!?

Ғалымның бұл сөзіне қазір бізден гөрі Батыстың өзі көбірек бас шұлғитын болуы керек!

Түйіндей келгенде, қазақ үлкен айтқан жүйелі сөзге жығылған халық. Біз де Абызды тыңдап, рухани жаңғыруда Абайға тоқтайық!

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз