Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-1
USD
521
0.00
EUR
610
0.00
RUB
6.68
0.00

Қарағанды облысында жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу шаралары күшейтіліп келеді

– Облыстың мектептері мен колледждерінде балалардың өмірі мен психологиялық саулығын қорғауға бағытталған арнайы алгоритм енгізілді. Ол педагогтерге оқушылардың мінез-құлқындағы алаңдататын белгілерді дер кезінде байқауға және оларға дұрыс әрекет етуге мүмкіндік береді. Алгоритм тәуекел туындаған жағдайда сынып жетекшілерінің, кураторлардың, білім беру ұйымдары әкімшілігінің және мектеп психологтарының іс-қимыл тәртібін нақты белгілейді. Оның негізінде проблемаларды ерте анықтау, балаға мұқият көзқарас, құпиялылықты сақтау және әрекетсіздікке жол бермеу қағидаттары жатыр, – деді Қарағанды облысы прокурорының аға көмекшісі Айжан Оразбекова.

Балалар өз қорқынышы мен жан дүниесіндегі күйзелісті жалғыз өткермеуі тиіс. Қайғылы жағдайларға алып келетін негізгі себептердің қатарында ата-ана назарынсыз қалу, отбасындағы тұрақсыз ахуал, жалғыздық сезімі, алғашқы махаббаты біржақты болса, сондай-ақ жақын адамынан айырылу секілді ауыр психологиялық факторлар бар.

Қазіргі уақытта мектептерде «Көңіл күй күнделігі» енгізіліп, мобильді қосымшалар арқылы тәуекел белгілерін дер кезінде анықтау жұмыстары жүргізілуде. Психикалық қолдау орталығы мамандарға арналған модульдік оқыту бағдарламасын әзірледі, онда әр балаға жеке көзқарас қалыптастыруға басымдық берілген. Бұл күрделі жағдайларда тиімді шешім қабылдауға және балаларды өзін-өзі қорғау дағдыларына үйретуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан және профилактикалық есепте тұрған 23 мыңнан астам оқушы тұрақты патронажбен қамтылған.

Білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев педагог-психологтар тапшылығы мәселесінің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын атап өтті.

Осы мақсатта Е. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетімен меморандум жасалған. Сонымен қатар мамандар облыс әкімі гранттары есебінен даярлануда. Қазіргі таңда орталық деңгейде педагог-психологтардың жалақысын арттыру мәселесі пысықталуда.

Ведомствоаралық комиссия отырысында «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» жаңа заңның негізгі нормалары да түсіндірілді.

– Оң нәтижелер бар, алайда мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Барлығымыз алгоритмге сәйкес бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жеке басқарма құру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Тәуекел аймағындағы әрбір бала үшін бәріміз жеке жауапкершілік арқалаймыз. Өзара іс-қимылды нақты жолға қойып, қосымша шаралар қабылдау қажет, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз