Сталин тұрмақ, Ленин де болған жоқ Қазақстанда. Олар бүкіл қазақты 40 миллион малдың артында жүрген жабайы, сауатсыз, қатарға қосылмаған деп ойлады. Сол кезде оларға мал да бір, қазақ та бір болды.
Бұл туралы Мәскеудегі құпия архивке кіріп, зерттеу жүргізген тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков айтты деп хабарлады Тengrinews.kz.
– … Сол кездегі қазақты қазіргі журналистер өзге ұлттармен бірдей болған деп ойлайды. Қазақты халық қылып қояды. Бұл жалған. Компартия қазақты халық деп ойлаған жоқ. Сондықтан, өлсе өле берсін деп ойлады.
Бұлардың малын ала береміз, бұларда 12 ай сайын мал өсе береді деп, малы бітпейтіндей көрінді. Қазақта мал саны 40 миллион бас дегенге Сталин сенбеді. Қазақ аштан өледі деген сөз айтылмаған да, бұл мәселе көтерілмеген де”, – дейді ол.
Тарихшының айтуынша, компартия, тіпті қырғыз бен қазақты ажырата алмаған. Оған қатты басын да ауыртпаған. Сол себепті біразға дейін бізді құжаттарында қырғыз деп көрсеткен.
“Бір қаның қайнайтыны, қазақты ол кезде халық, ұлт деп қараған жоқ. Көп уақыт бойы бізді “қырғыз” деп атап келді.
1920 жылы тамызда Қазақстанға автономия бергенде бізге “Қырғыз автономия республикасы” деген атау берді. Қырғыз деген атаудан 1936 жылға қарай зорға құтылдық”, – дейді ғалым.
Бұған себеп сол кездегі биліктің біз бен қырғыздарды ажырата алмауы еді. Екеуін де бір деп ойлаған. Екі халықты кейін бірін “қара қырғыздар” десе, бізді “қырғыз қайсақтар” дейтін болды. Талас Омарбековтің айтуынша, нәубет жылдары жайлы нақты мәлімет Мәскеудегі орталық статистикалық басқарма архивінде сақтаулы. Оның сөзінше, бұл архивке қазақстандық ғалымдардың ешқайсының кіруге рұқсаты жоқ екен.
“Мен бұл архивке Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан барып қана кіре алдым. Мен онда барып, 37-жылғы санақ материалдарын іздедім. Яғни ашаршылыққа дейін халық саны қанша болғаны және зұлматтан кейінгі саны қанша болғаны жайлы толық мәлімет бар. Оның ішінде концлагерьде қанша адам болғаны, Қытайға қанша адамның кеткені туралы мәліметтер бар”, – дейді ғалым.
https://kaz.365info.kz/asharshylykh-shyndygy-khazakhtyn-eti-resejdin-12-million-adamyn-asyrady-317185
Талас Омарбеков 1997 жылы Президент аппараты жанындағы партия тарихи институтындағы аға ғылыми қызметкері болған жылдары Елбасының қабылдауында болғанын айтты.
“1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бізді қуғын-сүргін жылдарына байланысты қабылдаған. Сонда қазақтан шыққан тұңғыш антрополог және еліміздегі антропология мектебінің негізін қалаушы Оразақ Смағұлов, тарихшы Болат Көмековпен бірге Президенттің қабылдауында болдық. Ол кезде резиденция әлі Астанаға көшпеген. Сонда Елбасы қандай проблемаларымыз барын сұрады. Мен ашаршылықтан қанша қазақтың қырылғанын анықтайын деп дерек іздеп жүргенімді, деректің көбі Мәскеуде екенін айттым. Сөйтіп, көмекшісі маған Мәскеудің барлық архивіне рұқсат қағазбен іссапарға жіберді.
Ол кезде Ресейдің президенті Ельцин еді. Президентімізді Ресейде жақсы қабылдайды, осылайша мен көп архивтен құпия деректерді алып шықтым.
Бұл – Архив Народного хозяйства, Архив Октябрской революции, Марксизм-Ленинизм институтының архиві болды. Осының барлығына кіріп-шықтым. Ашаршылық жылдары қанша адамның қаза тапқаны жайлы мәліметті Сол Халық шаруашылығы архивінің Санақ басқармасынан алдым.
Бұған дейін біздің тарихшылар 1,7 миллион адам қырылған деп келді. Негізі үш жылдың ішінде 3 миллион 379 мың 500 адам қырылған.
https://kaz.365info.kz/ajeldin-san-eti-asharshylykh-kezinde-adam-zhegen-zhigittin-symdykh-okhigasy-317113
Қытайға 1 миллион адам қашып кетті дегендер де болды. Бұл да өтірік. Сөйтсек, Қытайға кеткендердің саны 100 мыңға да жетпейді екен. Бұл Қытайдың барлау органдарынан архивке жеткен құжаттарынан белгілі болды. Шыңжаңда 1930 жылы елге паспорт бере бастаған, сол кезде адамдар тіркелген. Сонда біздің жақтан өткендердің саны тіркелген”, – дейді тарихшы.
Тарихшы құпия архивтер қазақ даласындағы каннибализм туралы деректерді де тапқанын айтады.
“Мысалы үшін, Шуда әкесінің басын кесіп алып, көшеде шашынан ұстап сүйретіп жүрген есі адасқан бала туралы дерек те бар. Моланы қазып, тамақтанғандар туралы мәліметті де көрдік. Адамның етін жеген адамның психологиясын ойлай беріңіз енді, бұл кезде халық ештеңе ойлаған жоқ. Бар ойы “қалай аман қаламын”, “қайдан тамақ табамын” болды”, – дейді Талас Омарбеков.
12 жылда бір келетін жұт Ашаршылық дегенде 1930-1932 жылдарды ғана ойлаймыз. Алайда қазақ даласында 12 жылда бір келетін жұттың да болғанын айтқан абзал. Алғашында малы өліп, кейін ашаршылық жайлаған жылдар Ақ қоян, Көк қоян жылы деп аталып та кеткен. Соған дәлел ретінде Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов 1922 жылы 20 жылдардағы аштық жөнінде “Тәні саудың – жаны сау” атты мақаласынан үзінді келтірейік:
https://kaz.365info.kz/myanma-dejsizder-4-mln-khazakhty-khyrgan-stalin-khylmysyn-khalaj-zhasyrganyn-bilesiz-be-279084
“…Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді.
Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады.
Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды.
Анасы баласының етін жеуге жетті… Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті…”.