Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
14
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Наркологиялық және психоневрологиялық анықтамалар электрондық нұсқада беріледі

254

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына арналған Үкімет сағатында Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыс барысында Әбдіманап Бектұрғанов кейбір қызмет түрлерін алу кезінде тұрғындарға белгілі бір қиындықтар туындағанын атап өтті.

«Психоневрологиялық диспансерден анықтама беру мемлекеттік қызметіне тоқталғым келеді. Бұл анықтаманың жұмысқа орналасу кезінде, жүргізуші куәлігін алу барысында, сондай-ақ түрлі лицензиялар алатын кезде қажетті екенін білеміз. Бүгінде бұл қызметті медициналық ұйымның өзі тікелей қағаз түрінде жүзеге асырады.

Сонымен қатар, адамдар құжаттарды кезекте тұрып тапсырады, яғни алдын ала жазылу, жедел қызметтер көрсету қарастырылмаған. Осыған ұқсас көрсетілетін қызметтерді электрондық нұсқаға көшіру жоспарда бар ма? Мысалы, наркологиялық немесе туберкулезге қарсы ұйымның анықтамасы да осы тәртіппен беріліп жатыр», – деді депутат.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев жақында бұл қызметтер электронды тәртіпте берілетінін атап өтті.

«Осы жылдың ортасында біз психо, нарко және туберкулезге қатысты қызметтерді оңтайландырудан өткізіп, тиісті қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығының жобасы Әділет министрлігінен тіркеуден өтуін күтіп отырмыз.

Сонымен қатар, бүгінде техникалық мәселелердің барлығы шешілуде. Әділет министрлігінен тіркеуден өткеннен кейін, сол қызмет автоматты түрде қағаз нұсқадан электрондық жүйеге толығымен ауыстырылады. Яғни «Электронды үкімет» порталында қолжетімді болады», – деді О. Әбішев.

Мұнымен қоса, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жүргізуші куәлігін алу кезінде де медициналық тексеруден қайта-қайта өтудің қажеті жоқ екенін жеткізді.

«Бұрындары жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін адамдар қайтадан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында дәрігердің тексеруінен өту керек болатын. Қазір тек бірінші рет келсе ғана дәрігер тексеруінен өтеді. Осы орайда екінші рет бару қажеттігі талабын жоюдың арқасында, орталықтардағы кезек санын 85 пайызға қысқарттық», – деді министр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз