Бүгін мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Нұрлан Нығматулин еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын сынады.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова баяндама жасады. Кезек сұрақ-жауапқа келгенде, төменгі палата депутаты Ирина Унжакова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілінен Қазақстанның еңбек нарығында білікті жұмыс күші неге әлі күнге тапшы екенін сұрады.
“Арнайы мемлекеттік білім бағдарламаларына, колледждердің жеткілікті екеніне қарамастан, еліміздің еңбек нарығында білікті жұмыс күшінің тапшылығы ең басты проблема болып отыр. Осыған байланысты бізде еңбек нарығының конъюнктурасын бақылау жүйесі дамымаған, жұмысшы кадрларға қажеттілік қандай екені бағаланбайды деуге негіз бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкіліне сұрақ: министрлік білікті жұмыс күшіне қажеттілікті болжаудың ұлттық жүйесін қалай және қашан құруды жоспарлап отыр?”, — деді халық қалаулысы.
“Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан еңбек ресурстарын дамыту институты жұмыс істейді. Аталған институт аясында сіз айтып отырған болжау жүргізіледі. Қазір біздің қолымызда толық талдау бар, шамамен 2025 жылға дейін қандай мамандықтар сұранысқа ие болады, цифрландыру және жаңғыруға байланысты қандай мамандықтар біртіндеп қысқаратынын білеміз.
Соңғы екі жылда білім және ғылым министрлігімен етене жұмыс істеп жүрміз. Барлық білім бағдарламасы мен мемлекеттік тапсырыстар, ең алдымен, осы болжам негізінде және жұмыс берушілердің мамандарға сұранысына қарай жасалады.
Сонымен қатар, болжаудан бөлек, әр жыл сайын кәсіпорындар арасында сауалнама жүргізіп, қандай мамандарға сұраныс барын анықтаймыз”, — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев.
Осы орайда мәжіліс төрағасы сауалнамаға қанша кәсіпорын қатысатынын сұрады.
“Жыл сайын республика бойынша шамамен 8 мың кәсіпорын. Сауалнама барысында әсіресе техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары екенін байқап отырмыз”, — деп нақтылады Әлтаев.
“Жаңа білім министрлігімен тығыз жұмыс істейміз деп айттыңыз. Бірақ, экономика салаларының дамуын ескере отырып еңбек нарығының конъюнктурасын білім министрлігі де анықтауы керек. Ұлттық экономика минстрлігі, инвестцииялар және даму, ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірге жұмыс істеулеріңіз қажет. Қандай өңірде қандай мамандарға сұраныс барын нақты білулерің керек”, — деді Нығматулин.
“Иә, қазір бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр”, — деді Әлтаев.
“Қалай жүріп жатыр? Нақты сұрақ қойылды. Қазір сіз “бізде өңірлермен жол картасы бар, ол мына сайтта таныстырылған, кез келген адам кіріп таныса алады. Мәселен Теміртауда электрмен дәнекерлеушілерге сұраныс осындай, ауыл шаруашылығында осындай”, десеңіз бір басқа. Бірақ сіздің жауабыңыз қарабайыр”, — деді министрлік өкілінің жауабына қанағаттанбаған палата спикері.
Әлтаев enbek.kz сайтында өңірлер бойынша мамандықтарға қажеттілік нақты көрсетілген деп ақтала бастады.
“Қазір бұл жайында сөз болып отырған жоқ. Нарық конъюнктурасын ескере отырып, сіздер осы сайтқа ілінетін материалды қалай жасайсыздар? Мәселе осында. Министрліктің қандай да бір жоспары бар ма? Түсінесіз бе, колледждер жеткілікті болғанмен, білікті кадрларды даярлау бойынша мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатқанмен, жыл сайын жұмыс күшінің тапшылығы артуда”, — деді мәжіліс төрағасы.
“Біз депутаттарға болжау қалай жүргізілетінін түсіну үшін анықтама бере аламыз”, —деді Әлтаев.
“Анықтама бересіздер, бірақ сіздерге мәселені қалай шешу керектігін түсіну керек. Елге нақты жоспар қажет. Еңбек нарығының конъюнктурасын білулеріңіз керек. Осы мәселелерге жетекшілік ететін вице-министр ретінде қандай жұмыс жүргізу қажеттігі өзіңіз айтуыңыз керек. Ал анықтаманы беруін бересіз, ол қолдарыңыздан келеді”, — деп сынға алды палата спикері.