«Нұр Отан» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасында халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын көтеру мәселесі қарастырылған.
Бұл туралы Айқын газеті жазады.
Берілген уәденің орындалу деңгейін тексеру мақсатында кеше Есіл халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) «Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мемлекеттік, әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру» тақырыбы бойынша партияның көшпелі мәжілісі өтті.
Комиссия жетекшісі, ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Айгүл Нұркина бірнеше қызметті бір орынға біріктіру жемқорлықты азайтатынын айтады.
– Біз бүгін комиссияның көшпелі отырысын мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мұнда қалай қызмет көрсетіліп жатқанын өз көзімізбен көру үшін және ҚР Ақпарат және коммуникация, Ұлттық экономика министрлігі және өзге де ұйым өкілдерін тыңдау үшін комиссия мәжілісін өткізіп отырмыз, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты Артур Платонов отырыс барысында халыққа қызмет көрсету саласында жеткен жетістіктер біршама екенін атап айтты. Қазір осыдан 10-15 жыл бұрын тіпті армандай да алмайтын едік.
– ХҚКО шын мәнінде биліктің халыққа деген құрмет дәрежесін көрсетеді және азаматтардың билікке көзқарасын қалыптастырады. Дәл қазіргі таңдағы проблемалық аспектілерге тоқталсақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ХҚКО арқылы көрсетілетін электронды қызмет деңгейіне өте риза болғанымен, көріп отырғанымыздай, шешімін күткен мәселелер жетерлік. Біздің көзімізше олар электронды қол қоюды және басқа қызметтерді санаулы минуттарда-ақ ала алды. Ең мәселелі болып отырғаны, мүгедектерге арналған сырғыма баспалдақ жайы, – деп тоқталды А.Платонов. Мүгедектерге арналған баспалдақтың сапасына олардың мүлдем көңілі толмайды. Ал екінші мәселе деп автотұраққа көлік қалдырудың қиындығын атап өтті. Сол себепті, адам орталыққа кірмей жатып-ақ көңіліне жайсыздық алып, күйзеліске ұшырап үлгеретінін баяндады.
– Ең маңызды мәселе – ол адамдардың электронды қызмет түрлері жайындағы ақпараттандырылуының әлсіздігі. Орындалған іс аз емес, алайда олар туралы ешкім ештеңе білмейді десек те болады. Мәселен, ерекше қажеттілігі бар адамдар 1414 нөміріне қоңырау шалып, ХҚКО қызметтерін үйде алуға болатынынан хабарсыз. Онымен қоса, кез келген адам әрбір ХҚКО-да министрге тікелей жүгінуге болатынын білмейді, – деді депутат.
А.Платонов елімізде бүгінде саны 70-ке жеткен мобильді топ жұмыс істейтінін және ол арқылы барлық қызметті үйде алуға болатыны туралы көп адамның бейхабар екеніне қынжылады.
– Ең маңызды деген аспектілер атқарылды. Мұның бәрі әлемдік дағдарысқа қарамастан ХҚКО құра алған және әлеуметтік бағдарланған бюджетті қабылдай алған мемлекетке азаматтардың құрмет деңгейін арттыртады, – деді ол. Біздің шынында әлеуметтік жауапты мемлекетте өмір сүріп жатқанымыздың үлгісі – ХҚКО екенін айтып, А.Платонов сөзін аяқтады.
Көшпелі мәжіліс қорытындысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мемлекеттік қызметтер мәселесі туралы бірқатар ұсыныстар айтылды. Олар: халыққа қызмет көрсету саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру, мүгедек адамдармен қарым-қатынасын жасау машығын қалыптастыру және 53 стандартты мемлекеттік қызмет жобаларын талқылау.