Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
23
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

„Нұр Отан„ партиясы адам капиталы мәселесін дамудың платфор­масы ретінде қарастырады

Қазір Шығыс Қазақстан облысы мектептерін бітіріп Ресей оқу орын­дарына түсетін, сол жақта қызметке қалатындар саны түлектердің жартысына жетіпті, басқа іргелес облыстарда да жағдай осындай болуы мүмкін. Мұның бір себебі – Ресейдің универси­теттерінде грант көп, бітірген соң жұмысқа орналасуға мүмкіндік мол.

Білім мазмұнын адамның тек интеллектін, практикалық дағдысы мен ұтқырлығын дамытуға бағыттау – келешек жақсы орындаушыны қалыптастыру деген мақсат. Бұл қай елден болсын білікті маманды, жақсы орын­даушыны іздеп жүретін трансұлттық компаниялардың, бизнес алпауытта­рының мүддесіне сай, тіпті олардың тапсырысы болуы да мүмкін. Егер адамның бұл қабілеттері іргелі біліммен, елжандылықпен, рухани құндылық­тармен көмкерілмесе, ондай білім алған адам келешек өз еліне қызмет етуден гөрі, легионер болып, шетелде пайда тапқанды дұрыс көруі мүмкін.

Көпшілік жастар арасында мар­гиналдану, зорлық-зомбылық жасау, ақша бопсалау, суицид жасау оқиға­лары, агрессивті топтар мен діни ағымдарға ену үрей тудыратын деңгейге жетті. Бас прокуратураның мәліметі бойынша 2015 жылы жастар арасында 201 суицид жасалған, 485 суицид жасауға әрекет­тенгендер тіркелген. ЮНИСЕФ және Дүниежү­зілік ден­саулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, Қазақстан жасөспірімдер арасында осы аса қа­терлі құбылыстың саны жағынан әлемдегі ең алғашқы орындардың бірінде. Соңғы айдың өзінде екі суицид тіркелді: Семейде 20 жасар қыз пойызға басылып өлді, Қарағандыда жоғал­­ған 25 жасар қыз асылған күйінде табылды.

Осындай ауруларды жасырсақ, тек асқындырамыз, ал асқынған аурудың арты не болары белгілі. Біз «жақсы­мызды асырып, жаманымызды жа­сыруға» дағдыланып алдық. Бірақ адамзат қоғамы – синергетикалық жүйе. Оны жүйенің ішкі заңдылықтары өздігінен реттейді, жабулы күйінде қала бермейді.

Тәрбиелеуден үнемделген қаржы­ның түрмені қаржыландыруға кететінін есте ұстаған жөн. Полицейлерді жақтағанымыздан гөрі, ұстазда­рымызды мақтағанымыз дұрыс болар.

Тұжырымдаманың келесі мәселесі – ел азаматтарының рухын көтеру.

Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Байлығы көп елге, саудагерлер қаптап кетеді», «Рухы жоқ елді, кім-көрінген таптап кетеді», «Рухсыз халық – ырық­сыз халық» деген сөздері бар. Дана ақы­нымыздың осы тағылымды тұжы­рым­дары Қазақ елінің қазіргі жаһандану заманында еске ұстайтын қағидасы болса керек. Біздің ұлтымыздың бас­қа да жоқ асыл қасиеттері көп. Бірақ біз өз-өзімізді жеткілікті бағалай білмей­міз, өз-өзімізге сенімділігіміз аз, жал­тақ­­­тығымыз басым, басқаларға бас июге қалыптасып қалғандаймыз. Бұл біз­дің ең қымбат құндылығымыз ана тілімізге деген қатынасымыздан, бір сөз қазақша сөйлесек, кінәлі болғандай, жан­таласа екінші сөзді орысша айта­тындай қазіргі бейбақ күйімізден көрінеді.

Жас жеткіншектеріміз Абылайдың айбарынан, Махамбеттің отты өлең­дерінен, Құрманғазының қуатты күйлерінен, Бауыржанның қайсарлығынан қайрат алуы тиісті, сонда ғана олар еңсесі биік, рухы жоғары, ерік-жігері мол, талабы таудай елжанды тұлға болып қалыптасады.

Дулат Бабатайұлы:

Ту ұстап тұлпар жаратпай,
Алдынан топ таратпай,
Елді аузына қаратпай,
Жай отындай оқ атпай,
Анадан тудым дегенмен,
Бастамаса ел, ұлан ба? – деп қай­раған екен намысымызды.

Ұлтымыздың абыройын төгетін, алтын жағасын сөгетін ынжық ылаңдар емес, ерлік пен өрліктің дәстүрін жалғастырар, қатарынан оза туған қол бастар ұландар керек бүгін бізге.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Жас­тарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс» деген үкілеген үміті мен ақ сенімін ақтайтындай жастар керек бізге.

Қазақ киностудиясы түсірген фильмдер адамның еңсесін еңкейтетін жұпыны көріністерді, қайғылы оқи­ғаларды, жылау-сықтауды көрсетуді дәстүр етіп алған. Грузин, өзбек фильм­дерінде өз кейіпкерлерін қайсар, өжет етіп көрсетеді. Тек Ақан Сатаевтың «Мың бала» фильмі қазақ жастарының рухын көтерген айрықша фильм болды, оны көрген жастар ата-бабаларының ерлік тарихынан қайрат алып, жігер­ленді, көздеріне жас алды, тік тұрып қол соқты. Бізге керегі де осындай тамаша туындылар. Қазақ телеарнала­ры мен киноэкрандарын бөтен елдер­дің адамның сана-сезімін төмендететін, еріккеннің ермегіндей арзанқол фильмдері жаулап барады. «Өнердің ішіндегі бізге ең керегі – кино» деп Ленин оның ең пәрменді идеологиялық қару екенін ескергеннен айтса керек. Осыны біз де түсінсек игі еді.

Рухымызды көтеру үшін спортта жеңістер керек, көк туымыздың жел­бірегені керек. Шабуылдаудың орнына қорғаншақтап, допты алға емес, артқа тебу – біздің футбол командаларының ауруы. Мұндай жасықтық пен жігер­сіздік бізді қалайша жеңіске жеткізбек. Кейбір футбол командала­рының қаржыны шығындап, абыройымызды төкеннен басқа бітірері жоқ. Ал негізі­нен, қазақ жігіттерінен тұратын был­ғары қолғап шеберлерінің командасы абыройымызды асқақтатып жүргеніне қуанамыз.

Қазіргі теледидар мен әлеуметтік желідегі жиі көреріміз «жұлдызда­рымыз» – жас әншілер. Оған еш қарсы­лық жоқ. Азаматтық тұлғасымен жастарға өнеге болып жүрген өнер­пазда­рымыздың қоғамда өз орны бар, мәдениет саласындағы жап-жақсы ұлттық жобаларымыз да солардың еңбегі. Бірақ ұлағатты ұстаздарымыз бен еңбек адамдары, ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз жастардың көлеңкесінде көмескіленіп қалған жоқ па? Айтқан сөзі мен істеген ісіне, азаматтық ұстанымына қарап үлгі тұтатын рухани көсемдерімізді, тау-тұлғаларымызды, ұлттық абыздары­мызды қоғам төрінен көбірек көрсек-ті.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген қазақта ғана бар қағиданы бұзып, жемқорлыққа салынып, абыройынан айырылған қызметкерлер қандай үлгі? (Жемқорлық рейтингісінде еліміз 126-орында). Қылмыскерлік пен жем­қорлық жайлаған елде адам капиталы өз пайдасын бере алмайды. Тіпті шетелден әкелінген жоғары сапалы адам ресурстарының өзі мұндай ортада күтілген нәтиже бермейді, деградацияға ұшырайды.

Осының бәрі еліміздегі адам сапасының көрсеткіштері, ал оны түземей алға басу жоқ. Сондықтан болашақ ел тағдырын, ұлт қауіпсіздігін шешетін осындай мәселелерді зер­делеп, ұлттық тұжырымдамаға арқау етіп, кешенді іс-әрекеттер жасалса деп ойлаймын.

Тұжырымдамадағы ендігі басымдық – ұлттық құндылықтарымызды, рухани ядромызды сақтау.

Бар ғаламның құрылысы бірдей екені бәрімізге мектептен мәлім. Әр дүниенің өз ядросы бар. Ядро – сол дүниенің бар асылын жинақтаған субстансасы, өзегі, ол бұзылса дүние жоғалады. Қазақстан қоғамының ядросы – қазақ ұлты, ал қазақ ұлтының ядросы – оның тілі, тарихи және рухани құндылықтары, олардан айырылсақ, жүйелі дағдарысқа кіреміз, іргеміз сөгіледі. Қазіргі ғаламдану кезеңінде сол ядроны бұзуға, яғни, ұлт сапасын әлсіретуге сырттан әрекеттер жасалу қаупін де ескеру керек. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Махатма Ганди «Басқа елдерден келген желдің соққанына қарсы емеспін, бірақ олар есігімізден де тереземізден де кіріп, өз аяғымызға тұра алмайтындай жағдайға ұшыраудан сақтандырамын» деген екен.

Финляндия, Оңтүстік Корея, Жа­пония, Сингапур, Қытай мемлекет­терінің ерекше қарқынды даму феномені адами капиталдың рухани құраушысын басшылыққа алуымен түсіндіріледі. Бұл елдерде мыңжылдық рухани қазыналарға, адалдыққа, ұлттық дәстүрлерге, еңбекқорлыққа, отбасы мәдениетіне, ілтипаттыққа негізделіп құрылған адам капиталы сыйқырлы таяқшадай тез арада фантастикалық нәтижелер берді.

Оңтүстік Кореяда болған екі апта уақыт аралығында кәрістердің өз ана тілін, дәстүрлерін, тарихын қалай қа­дірлейтінін көрдік. Ата-анасы мұға­лімді қадірлеуді балаларының санасы­на жастайынан құяды, сондықтан ұстаз мәртебесі өте жоғары. Қаптап, әр бұрышта аңдып жүрген полиция қыз­меткерлері жоқ, бірақ тәртіп бұзыл­майды, тазалаушы жоқ – тазалыққа таңғаласың. Адам сапасы жоғары болған жерде, артық шығындар осылай қажеті болмай қалады. Өз халқын ғана емес, дамушы елдердің мыңдаған адамдарын оқытып, жұмыс тауып беріп отырғанына риза болмасқа шараң жоқ. Жері тар, қазба байлығы жоқ болса да жан-жағына жалтақтамайды, басқа­ларға табынбайды. Еңбек адамына жағдай туғызу, ұлттық құндылықтарын қадірлеп, білім мазмұнына арқау ету арқылы инновацияны игеріп, орнықты даму жолына түскен ел бұл.

Адам сапасын көтерудің тағы бір шарты – өмір бойы білім алуға жағдай жасау.

Білім берудің идеологиясы мен стратегиясын анықтау аса жауапты іс, мұнда қателік жасау – бірнеше ұрпақ­тың обалына қалу деген сөз. Мысалы, бұдан он шақты жылдар бұрын жоғары оқу орындарының заңгерлер мен экономист, қаржыгерлерді қаптатып даярлауы нәтижесінде, қаншама жастарымыз жұмыс таппай сенделіп қалды.

Білім беру стратегиясы шағын топтың шешімімен емес, зиялы қауымды кең қатыстырып, ғылыми-философиялық негіздерді басшылыққа алып, тамыры терең дәстүр мен инно­вацияның оңтайлы ара-қатынасын сақтай отырып қана құрылуы тиісті.
Қазір технология мен техниканың жаңару кезеңі 4-5 жыл, ал дамыған елдерде тіпті 2-3 жыл ғана. Иннова­циялық технологияға негізделген өндіріс орындарының үлесі Герма­-нияда – 73%, Бельгия, Дания, Ав­стрияда 60%. Экономиканы ұйым­дастыру теориясы саласындағы ірі ресейлік экономист-ғалым Б.Миль­нердің мәліметтері бойынша, заманауи технологиялармен ұтымды жұмыс істеу үшін маман өз жұмыс уақытының 15-20 пайызы біліктілігін көтеруге бөлуі тиісті. Индустриялық қоғам дәуірінде адам алғашқы 20-25 жылында алған білімі өміріне тұтастай жететін болса, қазіргі өзгермелі қоғамдық орта адам өмір бойы білім алғанда ғана табысты бола алады.

Осындай жаңа жағдайлар мамандар дайындау және біліктілікті жетілдіру жүйесін айтарлықтай өзгертуді талап етеді.
Білім беру деңгейлерінің арасын­дағы мазмұндық және құрылымдық сабақтастықты нығайту қажет. Жоғары сыныптарда оқылған жалпы пәндерді бірінші курста қайталамай орнына кәсіби арнайы пәндерді оқытқан, өндірістік практика көлемін арттырған тиімді болар еді. Мектеп оқушыла­рының соңғы сыныптардағы оқу же­тістіктеріне, бейімділіктеріне мони­торинг жасай отырып және мектеп бітірердегі академиялық бағалау тесті (бұл тәжірибе АҚШ-та SAT – Scholastic Assessment Test) деп аталады) қоры­тындыларын ескере отырып жоғары оқу орындары үміткерлерді өздері таңдап шақырып, емтихансыз грант беретін жүйені балама ретінде қол­дануды ойлансақ. Бұл түлектердің ынтасын, білім сапасын жақсартқан, оқу деңгейлері арасындағы сабақ­тастықты арттырған болар еді.

Креативті адам капиталын қалыптастыру үшін қазір оқытудың формальды, яғни, институттық жүйесі жеткіліксіз, адамның өзі әртүрлі формальді емес жолдармен, online жағдайда біліктілігін жетілдіріп отыруға мүдделі және қабілетті болғаны керек. Дамыған елдерде әр компания өз қызметкерлері мен мамандары үшін менеджмент, іскерлік, психология, коммуникация салаларында тегін тренингтер, коучингтер өткізіп тұрады. Бұл жұмыс орнындағы шығарма­шылықты, креативтілікті дамытады, ұжымның ынтасын, ұйымшылдығын арттырады. Мұның орнына біздің көп мекемелер әлі күнге дейін авторитар­лық басқару режимінен айырылар емес.
Үздіксіз білім беру сапасы тек білім деңгейлері бойынша өлшенбейді, ол халықтың әртүрлі топтарын сапалы біліммен толықтай қамту дегенді де білдіреді.

Ақылы мектептердің көбеюі, жас балаларды дарынды, дарынсыз деп бөлу, кейбір мектептерді айрықша артық қаржыландыру педагогикалық ортада әлеуметтік стратификация құбылысына әкеліп соғады. Бірдей қолжетімділік, педагогикалық әділет­тілік ұстанымдарының бұзылуы бала­лардың сана-сезімінде дискомфорт тудырып, қарым-қатынасты дегумани­зациялайды, пессимизм, жікке бөліну, көреалмаушылық, намыстану се­зімдерін өршітіп, бірте-бірте адамдар арасындағы агрессивті қарым-қаты­настарға ұласуы мүмкін. Оның үстіне қарапайым отбасынан талай дарын­дардың, тамаша тұлғалардың шыққаны бәрімізге белгілі.

Бір халықаралық конференция кезінде Финляндия профессорынан «Сіздердің білім беру жүйелеріңіздің басты айырмашылығы мен артық­шылығы неде?» деп сұрағанымда, «біздің елде барлық мектептерде бірдей жағдай жасалған, дарынды балалар, бай балалар мектебі, ауыл, қала мектебі деген жоқ; себебі, біз әрбір оқушыны ұлттық адам капиталының құнды элементі деп бағалаймыз. Фин ұлты бес жарым миллион ғана, әрбір адам біз үшін бағалы, сондықтан әр оқушыға жеке көңіл бөлеміз, ешкімді де кемсітпейміз, ол жоғары деңгейге жеткенше жеке-дара көмек көрсетеміз, үлгірмей жатса қосымша бір жыл тегін оқытамыз» деп жауап берді. Бұл педа­гогикалық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да асқан көрегендік емес пе? Біз де осы дана саясатты ұстансақ керек-ті. Себебі, жастайынан әлеу­мет­тік аутсайдерлер қатарына шеттетіп, тобырлар қатарына қосатындай қазақ та көп емес, әрбір қазақ баласы бағалы.

Дүниежүзілік банк қолдауымен ЭЫДҰ әзірлеген «Қазақстандағы мектеп ресурстарына шолу» (2015 жыл) құжатында Қазақстанда озат балаларға, олардың олимпиадалардағы көр­сеткіштеріне баса көңіл бөлінетіні, ал төмен көрсеткіштерді жөндеуге, яғни, әлеуметтік жағдайында, оқу үлге­рімінде, тәртібінде қиындығы бар немесе мүмкіндігі шектеулі балаларды дамы­туға аз көңіл бөлінетіні біздің білім беру жүйесінің осал тұстарының бірі деп бағаланып, бұл Қазақстанның PISA, TIMSS сияқты халықаралық салыс­тырмалық зерттеулердегі төмен көрсеткіштерінің бір себебі екені ай­тылған. Қазір елімізде қолайсыз отба­сын­да өмір сүріп жатқан 247 925 бала бар екен. Осы балалардың әрбірі күнде­лікті жеке көңіл бөлуді, қамқор­лық пен қолдау көрсетуді қажет етеді емес пе?

Жергілікті әкімдіктердің мұғалім­дерді де олардың шәкірттерінің олим­пиада немесе ҰБТ нәтижелерімен бағалайтыны әділеттілік емес, себебі, олар бірдей жағдайда жұмыс атқарып жатқан жоқ және бұл оқу бағдарлама­сын сол мақсаттарға қажетті көлемде ғана орындауға алып келеді.

Білім және ғылым министрі Ерлан Са­ғадиев ауыл мектебінің қала мек­тептерімен арасындағы айырмашы­лығын азайту, шағын жинақты мек­­теп­­терді интерактивті тақталармен, қашықтықтан оқыту құралдарымен жабдықтау, инклюзивті білім беру жү­йесін дамытуға, өзекті мәселелер бойын­ша ұстаздармен тікелей ақыл­дасуға баса назар аударып отыр. Бұл – еліміздің білім жүйесінде осыған дейін орын алып келген жүйелі пробле­маларды шешуге бағытталған ұстаным екені анық.

Менің ойымша, жоғарыда аталған мәселелерге терең де кешенді әлеу­меттік, педагогикалық-психологиялық зерттеулер өткізіп, ашық талқылап, ұлттық тұжырымдаманың өткір мә­селесі ретінде, мемлекеттік масштабта тиісті шаралар белгілеу керек. Баян­далған жайдың бәрін Білім және ғылым министрлігінің шаруасы деп қарасақ немесе жасыру, заңды қатайту жолымен шешеміз десек, жаңылысқанымыз.

Адам капиталы мәселесін мемлекеті­міздің орнықты дамуының платфор­масы ретінде қарап, қоғамдық кеңес құра отырып, бүкіл зиялы қауым, әрбір ұйым, көш бастаушы «Нұр Отан» партиясы және басқа идеологиялық институттар назарға алса, әрқайсы­сымыз өз үлесімізді қоссақ қана оңды нәтиже болмақ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз