Иранның рухани көсемдерінің бірі Аятолла Ахмад Хатами АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампты сайлау қарсаңындағы науқан кезінде ирандықтарды “терроршылар” деп атағаны үшін кешірім сұрауға шақырды.
Бұның алдында Трамптың инаугурациясынан соң Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімі қайта қаралуы мүмкін екендігі туралы айтылды. АҚШ мемлекеттік департамент өкілі Марк Тонер Иранмен келісімнің Вашингтон үшін ешқандай заңды міндеттемесі жоқ екенін мәлімдеген. Оның пікірінше, Трамп Иранға қарсы санкцияларды жұмсарту туралы президент Барак Обама қабылдаған жарлықтардың күшін жоя алады.
2015 жылғы желтоқсанда Сан-Бернардино қаласында 14 адамның өмірін қиған шабуылдан кейін Трамп мұсылмандарды “АҚШ-қа қауіп төндіреді” деп айыптап, олардың елге келуіне тыйым салуға шақырған. Миллиардердің бұл сөзі базпасөз бен әлеуметтік желілерде қатты сынға ұшырады.