Сот қызғаныштан әйелін атып өлтірмек болған Қостанай облысы тұрғынын бас бостандығынан айырды.
Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Былтыр қараша айында Жітіқара тұрғыны түн ортасында қала кафелерінің бірінде отырған әйелінің үстінен түседі. Оның қолында 16 колибрлі шолақ мылтық пен 12 оқ болған. Соған қарағанда ол әйелінің кафеде екенін басқа біреулерден естіп, әбден қамданып келген секілді.
Қызғаныштан ашуға булыққан ер адам шолақ мылтықты оқтайды да әйелінің кеудесіне кезейді. Бірнеше рет шүріппені басқанымен, одан еш нәтиже шықпайды.
Сол кезде жәбірленуші оқиға орнынан қашып кетуге талпынады, бірақ күйеуі оны ұстап алып, тағы да шүріппені басады. Бұл жолы да оқ атылмай қойып, әйел адам қашып кетеді.