Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Дәстүрлі күндізгі мектепті қолдаймыз» петициясының авторларына жауап берді.
—«Дәстүрлі күндізгі мектепті қолдаймыз» петициясын оқып шықтым. Қазақстандағы болашақ оқу форматына қатысты алаңдап отырған ата-аналарға жауап бергім келеді, —
Қашықтықтан оқыту — бұл СОVID-19 әлемдік пандемиясына байланысты біз барған амалсыз шара. Біздің алдымызда оқушылар мен білім беру жүйесі қызметкерлерінің денсаулығын сақтау, бірақ оқыту үдерісін үзбеу міндеті тұрды.
ЮНЕСКО мәліметтеріне сәйкес, әлем бойынша 1,5 млрд-тан астам оқушы қашықтықтан оқыту технологиясы арқылы оқуын жалғастырды.
Біз оқу процесін тоқтатпау үшін қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдаландық. Менің ойымша, кейбір қиындықтарға қарамастан, жалпы процесті ұйымдастыра алдық.
Дегенмен, бүгінде балалар, ата-аналар, мұғалімдер және министрлік — барлығымыз мектептегі дәстүрлі күндізгі оқыту ең тиімді және ыңғайлы формат екенін түсінеміз. Ешкім дәстүрлі күндізгі оқу форматын жоймайды.
Қашықтан оқу режиміне амалсыздан өттік. Әрине, болашақта осындай жағдайларға дайын болуымыз керек, сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті жұмыстарды жүргізудеміз. Қашықтықтан оқыту технологияларын дамытып, мектептерді ақпараттандыру қажет.
Мысалы, ауа райының қолайсыздығына байланысты оқушылардың сабағы кейінге қалдырылып, кейінен сол бағдарламалық материалдың орнын толтыратын жағдайды алайық. Сондай-ақ баланың денсаулығына қарай үйде білім алатын және т.б. жағдайлар.
Қашықтан оқыту технологияларын оқу бағдарламаларының икемділігін қамтамасыз ететін қосымша мүмкіндік, балама және шарт ретінде қарастыруға болады.
Біз барлығымызға үйреншікті мектептегі күндізгі оқыту форматында оқу ең жақсы шешім екенін барлығымыз түсінеміз және келесі оқу жылы мектеп қабырғасында өтеді деп үміттенеміз».