Қарапайым ауыл келіні – Айдана өз жазбасымен Инстаграмның жұлдызына айналды. Қазірдің өзінде оның парақшасына 16 мыңнан аса тұрақты тіркелушісі бар.
Келіннің ауыл өмірі туралы жазбасы мен суреттерін желідегі жұрт асыға күтеді. Ауыл қызық емес дейсіз бе?.. Әне, қызық болғанда қандай?..
Бұл жолы ол қой қырқып, өзінің қолының суретін жариялап, жазба жазыпты.
“Иә,бұл менің қолдарым. Иә,білемін, сүйріктей емес шығар бәлкім… Қолғап киіп, аяп жұмыс істейтіндей, нәзік те әппақ емес.
Қойшы, сенің қолың емес, еркектің жуан қолы дейтін де шығарсыздар. Қаладан келген қайныларыммен амандасып, қолын қысқанда ұялып кетемін. Тіптен күйеуімнің де қолы менікінен нәзік-ау. Осы қолдарыммен үйімнің жұмысын, енемнің қабағын, күйеуімнің бабын жасап-ақ жүрмін.
Балаларым үшін мамық жастықтай болса, тілімді қысқартып, қолымды ұзартып, аянбай адал қызметімді атқарам. Қолдарым қалт етсе өмірден түйген әңгімелерді жазып, қарапайым өмірімнің бір бөлігін жазып, Сіздермен бөлісіп, алғыстарыңызға бөленіп жүрмін, Аллаға шүкір.
Күн санап қосылып жатқан оқырмандарым осынау шынайылығымның арқасы болар??? Мынау кім өзі?
Осылай дейтін оқырмандарға айтарым: мен жай ғана қарапайым келіншекпін. Өмірді сүріп, көпті көріп қоймасам да өз түйгенімді жазғанды ұнатам. Кереметтей сұлу емес шығармын, менің барым осы. Осылай жаратқан жаратқанға мың да бір шүкір. Әдемі болмаса да сіз бен бізді жалғап отырған Инстаграм мен қайыстай қара қолдарым аман болсын. Қоңқиып мұрным ғана қалған сияқты ма суретте?„ – деп жазады ол.
Айдананың желідегі парақшасында жарияланған “Өзім құрбан еткен махаббат”,”Біз бақытқа лайықпыз”, “Бақытты болғым келген”, “Әке мен тұз”, “Үйімдегі періштем” сынды жазбалары өзінше бір хит.