Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толуына орай Ақтау қаласында үлкен флешмоб болып өтті. Оған құқық құрылымы және құтқарушы қызметкерлермен қатар, балалар мен студенттер де қатысты.
Сүңгуірлер полиция эмблемасы бар үлкен баннерді теңіздің ортасына алып шықты. Ал теңіз мектебінің түлектері теңіз жағасында ақжелкеннен мерейлі дата – „25„ цифрін түзді. Ал үлкен яхтада полицейлер ән салып, ұрандап, 50 көгершінді көкке ұшырды. Ал құрғақта Ақтау студенттері „25 жыл„ деген жазуды түзді.
Жалпы, мерекелік бұл шараға 350 адам қатысқан.
Төренияз Әзізаев, Маңғыстау облыстық ІІД инспекторы:
– Біз бұл көрініс арқылы Қазақстан полицейлерінің әмбабап екенін көрсеткіміз келді. Қоғам мен азаматтардың құқығын қорғаудан бөлек біз ірі шараларды ұйымдастырып, өлең айтып, би билеп, көңіл көтере аламыз.
Дмитрий Сисиев, теңіз мектебінің оқушысы:
– Бұл – үлкен флешмоб. Мен мұндай акцияға бірінші рет қатысып тұрмын. Болашақта мен құтқарушы немесе полицей болғым келеді. Адамдардың өмірін сақтап, заң бұзушыларды құрықтап, өмірімізді қауіпсіз етсем деймін.