Нұр-Сұлтан
Қазір
23
Ертең
18
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Мемлекеттік тіл саясаты 25 жылда айтарлықтай серпін берді

178

Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде елімізде жүздеген қазақ мектебі ашылды. Аралас мектептерді санамағанда, еліміз­дегі барлығы 7 мың 721 мектептің ішіндегі 4 мыңдай мектеп таза қазақ тілінде білім береді деп атап өтеді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы „Егемен Қазақстан„ газетінде жарияланған мақаласында.

1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамы тәуелсіздігімізге толайым жол салғандай болады да тұрады. Өйткені, қоғам бірден-ақ қанатын кең жайып, Қазақстанның барлық өңірінде өзінің жергілікті ұйымдарын құра бастады. 19 облыстық, 200-ден аса аудандық, мың­даған бастауыш ұйымдар құрылды. Қала­лық, облыстық, аудандық, ауылдық ұйым­дар­мен бірге ірі мекемелерде бірік­кен комитеттер ұйымдастырылды. Ел ара­сында тіліміздің өрісін кеңейту жолдарын тынымсыз насихаттады. Осындай нақты іс-әрекеттер нәтижесінде қоғам ел алдын­да бедел алып, халықтық қозғалысқа айнал­­ды. Әсіресе, Тіл туралы заң мен Мемле­кет­тік бағдарламаның іске қосылуына қоғам қосқан үлес өлшеусіз.

Қоғамның ІІ құрылтайында сөз сөйлеген белгілі ғалым, профессор Кеңесбай Мұсаев­­тың пікірін келтіргенді жөн көріп отыр­мын. Ол: «Осы уақыт ішінде қоғам­ның тындырған ең үлкен жетістіктері не дегенде қоғам қазақтың қазақтығын дамы­та­тын қоғам екенін дәлелдеуі дер едім. Екіншіден, қоғам қазақтардың ер­тең­ге сенімін арттырды. Үшіншіден, ұлт­шылдық қорқынышынан құтқарды, соны әлсіретуге көп көмектесті» деп пікір білдір­ген еді. Бұл пікірдің орындылығын уақыт­тың өзі көрсетіп отыр ғой деп ойлаймын.

Елдің санасын оятуда, ұлттық рухты көтеруде баспасөздің ерекше маңызға ие екендігі белгілі. Осыған байланысты біздің де әуелгі қолға алғанымыз баспасөз болды. 1990 жылғы наурыздың 22-сінде республикалық «Қазақ тілі» қоғамының үні ретінде өмірге келген «Ана тілі» атты үнқағазымыз содан бергі аралықта рес­пуб­ли­­камыздағы таралу мөлшері көп беделді басылымдардың қатарына шықты. Тіл тағдырын ту етіп отыр­ған бұл басылымды кешегі Ахмет Байтұр­сынов шығарған «Қазақ» газетінің рухани жалғасы деп айтуға әбден болады. Бұдан бөлек, «Қазақ тілі» қоғамының жер-жердегі ұйымдары мен бөлімшелері шығарған мерзімдік ақпарат құралдары­ның саны 30-дан асып кетеді. Бұлардың бәрі де қоғамдық пікір қалыптастыруда, ұлттық жадымызды жаңғыртуда елеулі қызметтер атқарғаны ақиқат. Жалпы, қазақ тілінің 1989 жылы мемле­кет­тік тіл мәртебесін алуы, «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы қоғамдық пікір­­ге айрықша ықпал беріп, ұлттық сана­­ның дүр сілкінуі ел тәуелсіздігіне алып келді десек, артық айтқандық бол­майды деп білеміз.

Дүние жүзі қазақтарының Құрыл­тайын өткізу идеясын көтерген­дердің бірі – «Қазақ тілі» қоғамы болатын. Өзге қоғам­дық ұйымдармен бірге мұны ұйымдас­тырудың басы-қасында «Қазақ тілі» қоғамы жүрді.

Сол кезеңдерден бері толассыз жүр­гі­зі­­­­ліп келе жатқан тіл майданы әлі тоқ­таған жоқ. Тілге байланысты қабыл­дан­ған әрбір құжаттың астарында осын­дай күрестер ізі жатыр. Өйткені, тәуелсіз­діктің басты шарттарының бірі – тіл тәуелсіздігі еді.

Қоғам қызметінің алғашқы жылдары ерекше қарқынды әрі қызу болды. Еліміздің бүкіл аймақтарын, тіпті, шалғайдағы ауылдардың өзін де қамтыды. Көптеген өндірістік кәсіп­орын­дар да бұл елдік істен шет қалмады. Қазақ халқы бұл қоғамға айрықша үміт артты. Тәуелсіздіктің тірегіндей көрді. Қауымда­сып мүше болды, тілеулестік танытты, демеу­шілік көрсетті. Өз беттерінше бас­тама көтеріп, жергілікті ұйымдар мен бөлімшелерді ашты.

Сондай-ақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік деңгейдегі аса ауқым­ды істі қолға алған іргелі, көп тар­мақ­ты қоғамдық ұйым деуге де болатыны анық. Өйткені, қоғамның жарғысын алғаш Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төр­аға­сы бекіт­ті. Бастапқы жылдары, атап айт­қан­да, 1993 жылға дейін мемлекеттік бюд­жет­тен қаржы­ландырылып келді. Қоғамға Тіл туралы заң мен мемлекеттік бағдар­ла­маны іске асыру міндеті артылды. Алайда, қоғам арнайы ресми мемлекеттік мекеме болма­ған­дықтан, бұл міндетті ойдағыдай атқаруы мүмкін емес еді. Бұл іс кейіннен қоғамның ұсынысы бойынша құрылған Тіл комитетіне жүктелді. Тіл комитеті ашылғаннан кейін барлық облыста тіл басқармалары құрыл­ды. Бұл шаралар мемлекеттік тіл саясаты­ның пәрменді жүргізілуіне айтарлықтай серпін беріп отырғанын ашып айтуға тиіспіз.

Қоғам тәуелсіздік жылдарында тілге қатысты салалардың бәріне араласып, өзінің тіл жоқшысы, бірден-бір қамқоршысы екенін үнемі дәлелдеп отырды. Бір айтарлық жай, біз 1989 жылы «Қазақ тілі» қоғамын құрайық деп жатқанда, «Эстон тілі» қоғамы өзінің 70 жылдығын атап өтіп жатты. Ал Ататүрік негізін қалаған «Түрік тілі» қоғамы әлі күнге қызмет етіп, Түркия мемлекетінің ұлттық идеологиясының ошағына айна­лып отыр. Биыл құрылғанына 25 жыл толып отырған «Қазақ тілі» қоғамы қажет пе, қажет емес пе деген мәселенің күн тәртібіне қойылуы әлі ерте деп білемін. Сондай-ақ, елімізде осыншалық уақыт қызметін жалғастырып келе жатқан қоғамдық ұйым жоқтың қасы. «Қазақ тілі» қоғамының осы уақыт аралығында бағдарынан ауытқымай, өз қызметін қалыпты түрде жалғастырып келе жатуы ұстанған бағыты мен іс-әрекетінің оң екендігін тағы да бір дәлелдей түспей ме?!

Нақтырақ айтатын болсақ, үкімет­тік емес ұйымдардың міндеті қоғам­да қордаланып қалған мәселелерге жұрт­шы­лықтың, тиісті органдардың назарын аудар­ту, қозғау салу, қоғамдық пікір қалып­тастыру, ұсыныстар беру, мемлекет­тік мекемелердің қызметіне қоғамдық бақылау орнату. Осыған орай «Қазақ тілі» қоғамы да өз Жарғысында көзделген міндеттерін тиісінше атқарып келеді.

Ал енді, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында қазақ тілінің өрісін кеңейту жолын­­дағы мемлекетіміздің атқарып келе жатқан іс­те­ріне көз жұмып қарасақ, мұнымыз «көр­мес түйені де көрместің» керін кел­тір­гендік болар еді. Сондықтан да әрбір іске, әрқандай әрекетке баға бер­генде, әділеттің ақ жолынан ауытқыма­ғанымыз орынды.

Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңей­ту үшін егемен еліміз не атқарып келе жатыр дегенге келсек, мемлекеттік тіл мәртебе­сіне ие болған қазақ тілінің мәселесі Елбасының назарынан ешқашан тыс қалып көрген жоқ. Мысалы, ана тілімізді ардақтау мақсатында 25 жылдың ішінде Елбасы 5 Жарлық, 3 Өкімге қол қойса, Үкімет мемлекеттік тілді өркендету тұрғы­сында 22 қаулы қабылдапты. Арнайы заң, Мемлекеттік бағдарлама бар. Тіл коми­теті, облыстық тіл басқармалары қызмет етуде. Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде елімізде жүздеген қазақ мектебі ашылыпты. Аралас мектептерді санамағанда, еліміз­дегі барлығы 7 721 мектептің ішіндегі 4 мыңдай мектеп таза қазақ тілінде білім береді екен. Бұдан бөлек, елімізде қазақ тілінің оқыту жүйесін жетілдіру мақсатында 16 аймақтық, 15 қалалық, аудандық тіл орта­лықтары ашылған. Елбасы мұндай оқу орталықтарының санын 150-ге жеткізуді тапсырды. 2005 жылы мемлекет­тік тілді дамытуға бөлінген қаржы мен бүгінгі қаржыны салыстырып қарасақ, арасы жер мен көктей.

Мұның бәрін айтып отырғаным – қалай болғанда да ілгерілеушіліктердің бар екендігін көрсету. «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген сөз бар. Қол жеткен нәтижелеріміз тілім, елім деген асыл аза­мат­тардың намысқа шауып, жан-жақтан тіл мәселесін тұрақты көте­руі­нің, табандылық танытуының, мәсе­ле­ні Елбасының түсіністікпен қабылдауы­ның арқасы. Қазір айтуға оңай. Әрбір қазақ мектебін ашу, қазақ тілін мемлекет­тік тіл ету қаншалықты күшке түскені жұрт­шылықтың жадынан шыға қоймаған болар. Бұл үшін ең бірінші алғыс-рақметімізді Тәуелсіздігімізге айту керек. Бұл бағыттағы істерді тоқтатуға болмайды.

Жалпы, еліміз тіл мәселесіне қатысты асығыс, үстірт шешімдер қабылдамай, алысқа, болашаққа бағытталған салмақты саясат ұстанып келеді. Елбасының ұлт, ел тағдырына қатысты қабылдаған кейбір соны шешімдерін жұртшылық бастапқыда байыбына бара алмай, тосырқап қабылда­ғаны­мен, жылдар өткеннен кейін оның ­дұрыстығына көздері жетуде. Мұның бәрі де уақыт өте келе өз жемісін беріп жатыр.

Қазақта «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген сөз бар. Айбынбай теңдік сұрау үшін де қоғамның ешнәрсеге мұқтаж, ешкімге кіріптар болмауы шарт. Әрине, бұл шартыңды біреу келіп толтырып бермейді. Және осы қоғамды қайтсең де ұстап тұр, оның жұмысын жүргіз деп зорлап отырған да жан жоқ. Сондықтан, өзгеге өкпе арту, міндетсу, кінәлау орын­сыз деп білемін.

Қарапайым мысалмен айтсақ, айдын көлді жел тербемей, үнемі бірқалыпты, орнықты күйінде тұра берсе – борсиды, жан-жақтан өзендер келіп құйып тұрмаса – сарқылады. Осыған бақсақ, қоғам ісіне өзіндік ойы бар, пікірлі, істің көзін білетін жандарды тарту, жігерлі жастарды топ­тас­тыру қажеттігі білініп тұр. Алда болатын кезекті құрылтайымызда осы мәселелерді жан-жақты қарастырмақпыз.

Және бір айтарымыз – біздің тікелей тексеріп, шара қабылдауға құқымыз бар ма? Алдағы уақытта мұның да жолын та­уып, тетігін қарастыруды ойластырамыз…

Шындығын айтсам, қолымда жастардың тілді білу деңгейлеріне қатыс­ты нақты дерек жоқ. Шамалап айтатын болсам, қазақ мектептеріне баратын жастардың үлес салмағы жылдан-жылға артып келеді. Алайда, үлкен қалалардағы қазақ мектептерінің үлесі әлі де аз. Мысалы, Алматы қаласында қазақ мек­теп­тері қаладағы орыс тілді мектептермен сан жағынан әлі де теңесе алмай келеді. Осыған байланысты біз кейінгі он жылда арна­йы зерттеу жүргіздік. Алматы қала­лық білім департаментінің осы жылғы берген мәліметі бойынша, Алматы қаласында барлығы 174 мектеп бар. Оның ішінде: қазақ мектебі – 38; орыс мектебі – 89; аралас мектеп – 44; ұйғыр мектебі – 3.

Алматы қаласы бойынша жалпы оқушылар саны – 161 145 те, қазақ балаларының жалпы саны – 92 905. Енді қазақ балаларының мектептердегі үлес салмағына назар аударайық: қазақ мектептеріндегі қазақ балаларының жал­пы саны – 38 415; орыс мектептеріндегі қазақ балаларының жалпы саны – 30 739; аралас мектептердегі қазақ балаларының жалпы саны – 23 751. Бұл орайда аралас мектептердегі қазақ балаларының барлығы бірдей қазақ сыныбында оқымайтынын ескеру керек.

Келтірілген деректер қазақ балалары­ның басым бөлігінің орыс мектептерінде білім алып жатқандығын көрсетеді. Оның үстіне қаладағы қазақ мектептері өте аз. Оқушылар сыймай, екі-үш ауысыммен оқуда. Жылына екі мектептен салып отыр­ған күннің өзінде қазақ мектептері­нің санын ұлғайту мүмкін емес. Біздіңше, қазақ тілінің өркен жаяр өрісі – қазақ мектептерін көбейтудің ең дұрыс шешімі осы болмақ. Егер, жағдайды осы қалпын­да қалдыра беретін болсақ, істеп жатқан ісіміздің ешқандай нәтижесі болмайды. Бұл мәселе алдымыздан үнемі қайталанып шығады да отырады. Сондықтан, елімізде мемлекеттік тіл – қазақ тілінің адымын аштырмайтын, қолдан қалыптастырылған тұйық шеңберден шығудың осындай жолын таңдап, тиісті шараларды жедел қолға алуға тиіспіз.

Ал орыс, ұйғыр мектептерінде қазақ тілі пәнінің сағат санын барынша ұлғайтып, оны біліктілігі жоғары маман-педагогтармен қамтамасыз еткен жөн.

Осында айтылған ұсыныстарды бір ғана Алматы қаласында емес, бүкіл республика аумағында орта білім беру саласында қолдану қажет деп білеміз.

Ал орыс тілінде оқып жатқан қазақ балаларына келетін болсақ, балаларын орыс мектептеріне апарып жүрген халық­ты кінәлаудың реті жоқ. Ел ұлттың бас көтерер адамдарына, мемлекеттік билікке қарайды. Ойын да, бойын да соларға қарап түзейді. Биліктің тілі орысша болса, ұлт зиялылары немерелерін орыс тілді мек­теп­терге беріп жатса, қарапайым халық оларға еліктемей қалай тұрсын. Елге айтар сөзі бір басқа да, ісі бір басқа болып отырған зиялылардың өзі сенбеген нәрсеге халықты қалай сендірмек болып отырғандарына таңым бар. Сондықтан, елдің бас көтерер адамдары өз дерттерінен өздері арылғандары жөн.

Еліміз шеттегі қазақтар мәселесімен 90-жыл­дар­­дан бас­тап айналыса бастады. Содан бергі кезең­де елге миллионға жуық қандасымыз ора­­лып­ты. Бұл өте қуа­ныш­ты жағдай. «Нұрлы көш» бағдарламасы қабыл­данды. Сөйтіп, көші-қон мәселесі жүйелі жолға түскен­дей болды. Алайда, бір ғана бағдарлама ая­сын­да шеттегі бар қазақты толық көші­ріп алу таяу жылдарда іске аса қоймайды деп ойлаймын. Оның үстіне Еуропа­дағы қазақтардың келе қоюы да қиын. Ресейдегі қазақтар да жылы ор­нын суыта қоймас. Сондықтан, негізгі назар­ды Қытай мен Өзбекстандағы қазақтарға аударған орынды. Ал Моң­ғо­лия­­­дағы қазақтарға тікелей төніп тұр­ған қатер жоқ. Арнайы еларалық деңгей­де келісім жасап, Қытайдағы қазақтар­дың елімізге оралуына қам жасағанымыз абзал. Ал қалған елдердегі қазақтарға сол тұрған жер­лерінде қазақ тілі мен мәдениетінен ажырамайтындай жағдай тудырса болады.

Қазір шетелдегі қазақтардың рухани-мәдени мәселелерімен Дүние жүзі қазақ­тары­ның қауымдастығы айналысып отыр. Ол – қоғамдық ұйым. Оның да мүмкіндігі шектеулі. Жер-жерде кіші құрылтайлар ұйымдастырып, ел аралап, жағдайларын білгеннен мәселе шешіл­мейді. Шеттегі қазақтардың мәселе­сін жүйелі шешу үшін Ресейдегі «Русский мир» қоры секілді арнайы мемлекеттік ұйым құрылғаны жөн деп білемін.

Елбасының лингвистикалық комис­­сия­ның алдына келіп, емтихан тапсыруы – мемлекеттік тілге, Қазақ еліне деген құрметі, басқаларға көрсеткен үлгісі. Ел басқарамын деген адам­ның сол елдің мемлекеттік тілін білмеуі қаншалықты қисынды? Мұндайды тек отар­­шыл елдер өз бодандарына ғана қолда­на­тыны белгілі емес пе. Сондықтан президенттіктен үміткер­лердің мемлекет­тік тілден емтихан тап­сыруы – табиғи жағдай, солай болуы тиіс дүние деп қараймын.

Ал Елбасының қазақ тілін қанша­лық­ты меңгергені – көпшіліктің көз алдында. Мен мұны «Егемен Қазақстан» газеті бетінде айттым да. Оған алып-қосар аз. Елбасының өзі талап үдесінен осылай көрінгенде, мемлекеттік қызметшілердің өзге мемлекеттің тілінде қызмет жасауын қай қисынға жатқызарымды білмей отырмын. Тіпті, сол тіл ұлтаралық қарым-қатынас, ресми тіл болса да. Бұл – әлемнің ешбір елінде кездеспейтін жәйт.

Сөз жоқ, қазақ тілі Қазақ елінде барынша басымдыққа ие болады. Бұған сенімім кәміл. Ал тілде қалыптасу, болу-толу деген болмайды. Өйткені, тіл – жан­ды құбылыс, Тәуелсіздігіміздің нық тірегі, бір негізі. Ол халықпен бірге жасап, бірге дамып, бірге түлеп отырады. Сон­дық­­тан тілге қатысты атқарылар шаруа, бітірер іс ешқашан тәмамдалмайды деп білемін. Мемлекеттік тілдің мерейі Тәуелсіздігімізбен бірге асқақтай беретініне еш күмән жоқ.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз