Нұр-Сұлтан
Қазір
9
Ертең
9
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Мәулен Әшімбаев жаңғыру аясындағы жаңа партиялық жобаларды таныстырды

244

Елбасы 2017 жылдың қараша айында өткен партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында нұротандықтардың алдына нақты міндеттер қойып, бірқатар басым бағыттарды анықтап берген болатын. Соның ішінде Мемлекет басшысы барлық партиялық технологияның ашық ақпараттық қоғамға бейімделуі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына белсене қатысу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің аясын кеңейтіп, кәсіпкерліктің дамуына үлес қосу мәселелеріне айрықша назар аударды. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы бірнеше стратегиялық жобаларды қолға алып отыр. Олардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған партиялық жобалар бар. Бұдан басқа жалпыұлттық күн тәртібіне және стратегиялық бағдарламалық құжаттарды дайындауға белсене қатысу, партия кадрлық резервін жандандыру, еліміздегі жастар саясатын одан әрі жетілдіру, партияның талдау және сараптау әлеуетін арттыру сияқты бірқатар нақты бағыттар бойынша да арнайы жобалар жүзеге асырылатын болады.

Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына «Нұр Отан» партиясы да өз үлесін қосады. Соған орай біз балаларға арналған тегін IT-сыныптар ашу және IT-мамандар даярлау ісін қолға алып отырмыз. Бұл жобалар алдымызда тұрған ең басты мақсат – дамыған 30 елдің қатарына қосылуға және қазақстандықтардың әлемдік бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға өз септігін тигізеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Балаларға арналған тегін IT-сыныптардың көтерер жүгі салмақты болмақ. Бұл жоба аясында еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашылып, онда жылына 8-16 жас аралығындағы 150 мың бала бағдарламалау және робот техникасының негіздері жайында тереңдетілген білім алады. Бұл бастама мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс ретінде жүргізіледі. Мұндай қысқа мерзімді білім беру курстары Балтық жағалауы елдерінде кеңінен қолданылып, оң нәтижесін бергенін атап өткен жөн.

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған келесі партиялық жоба – ІТ-мамандар даярлау бастамасы. Бұл жоба бойынша елімізде жұмыс беруші ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылып, жылына 35 мың адам білім алады. Олардың қатарына жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған жастар да жұмылдырылады. Бұл орталықтарда бүгінде әлемдік деңгейде сұранысқа ие цифрлау тәсілдері мен Java, Python, PHP, Swift сияқты бағдарламалау тілдері оқытылады. Орталық түлектеріне бір жыл бойы қолдау көрсетіліп, олардың жұмысқа орналасуына да мейлінше жағдай жасалады. Осы ретте аталған сыныптар мен орталықтар Astana Hub Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркімен бірлесіп жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Осылайша «Нұр Отан» партиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қазақстандықтардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасамақ. Бұл тәжірибе бүгінде әлем бойынша кеңінен қолданылады. Қазірдің өзінде интернеттегі жүздеген фриланс-биржаларда 10 миллионға жуық ІТ-тапсырыстар жарияланған. Бұл нарықтағы қаржы көзі де аса қомақты, яғни шамамен 3,5 трлн. АҚШ долларын құрайды. Бүгінде әлемнің әр түкпіріндегі 57 миллион адам осы тапсырыстар арқылы ақша тауып отыр. Осы тұрғыдан келгенде аталған жобалардың берері мол екені айқын байқалады.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы кәсіпкерлерге арналған Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – бизнес саласындағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту. Нәтижесінде кәсіпкерлердің еліміз бойынша коммерциялық мақсаттағы жер телімдері мен аукциондар туралы толық мәлімет алуына, бизнес жүргізудің бірыңғай стандартын енгізуге және электронды үкімет жұмысын жандандыруға мүмкіндік туады.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы өңірлерде мемлекет пен бизнестің әлеуметтік саладағы ынтымақтастығын одан әрі арттыруға арналған бірнеше жобаны қолға алып отыр. Сол арқылы мектеп асханаларының жұмысын жаңғыртып, спорт алаңдарын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек. Одан бөлек, арнайы WEB-сайт арқылы бастауыш сынып оқушыларына арналған денсаулық сабағы оқытылады. Соған сәйкес, еліміздегі мектеп асханалары бірыңғай стандарт бойынша арнайы қондырғылармен жабдықталып, ас мәзірі де мемлекеттік стандарт негізінде дайындалады. Спорт алаңдары да қысқы және жазғы мезгілге сай қайта жабдықталып, сабақтан тыс уақытта ақылы негізде өзге азаматтарға пайдалануға беріледі. Бұл жұмыстар жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүргізіледі. Осылайша еліміздегі 3 миллионға жуық мектеп оқушыларының саламатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай жасалмақ.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да партия бірқатар басым бағыттарды қолға алды. Бұл ретте ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйренуге қолайлы орта қалыптастыруға және елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға басымдық беріліп отыр. Соған байланысты ағылшын тілін еркін меңгерген 500 қазақстандық және шетелдік жас ерікті ауылдық мектептерге жіберіліп, олар арнайы құрылған клубтарда жергілікті жастарға тіл үйрететін болады. Еріктілер байқау негізінде іріктеледі. Партиялық жоба аясында ағылшын тілін үйрететін арнайы жазғы лагерлер де өз жұмысын бастайтын болады.

Партияның бастамасымен отандық кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құрып, олардың жұмысын жандандыру ісі де қолға алынбақ. Соның нәтижесінде бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшіріледі. Бұл жүйеге барлық мектеп және университет кітапханалары да қосылады. Кітапханаларда жастарға арналған қызықты лекциялар ұйымдастырылып, пікірталас алаңдары жұмыс істейді. Сол арқылы қазақстандық кітапханалар заманауи бағытта қызмет көрсетіп, халық маңызды, сұранысқа ие кез келген әдебиетті оқуға мүмкіндік алады.

Еліміздегі жастар саясатын жандандырып, осы бағыттағы жұмыстарды заман талаптарына сай жүргізу ісі де партияның басты назарында. Сол үшін «Жас Отан» Жастар қанатын трансформациялап, барлық салада ел жастарының белсенділігін арттыру көзделіп отыр.

Қазір бүкіл әлем қарқынды дамып қана қоймай, жедел өзгерістерге ұшырауда. Сондықтан біз де бүгінгі заман талаптарына сай бейімделуіміз керек. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы нақты жобаларды қолға алып, жұмысты бастап кетті. Бұл жобалардың жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты сарапталып, тиімді тетіктері алдын ала мұқият зерттелді. Партия осындай нақты жобалар арқылы Елбасы айқындап берген мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырып, стратегиялық бастамаларға белсене қатысатын болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары білім мен біліктілікті, тәжірибе мен талапты қажет ететін мұндай ауқымды жұмысты партия мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп атқаратынын атап өтті.

Брифинг барысында вице-премьер Асқар Жұмағалиев пен «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Аблай Мырзахметов те аталған жобалардың маңыздылығына назар аударып, оларды жүзеге асыру үшін Үкімет және бизнес-қауымдастық тарапынан қажетті барлық жағдай жасалатынын жеткізді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз