Ресейде оқытушыны пышақтады деген күдікпен қазақстандық студент шатылып жатыр. Ол өзі білім алған Мәскеудегі Бауман атындағы техникалық университеттің қызметкеріне суық қару сұғып алған. Зардап шеккен 28 жастағы оқытушы қазір ауруханада хал үстінде жатыр.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
“Біздің азамат Мәскеу қаласында 30 тамызға дейін уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Оған денсаулыққа қасақана зиян келтірді деген айып тағылуда. Біздің консул Мәскеуге барып ол азаматпен кездесті. Ол ұсталуы бойынша ешқандай шағым айтқан жоқ”, деді ҚР ІІМ ресми өкілі.
Пышақ 28 жастағы мұғалімнің бауырына тиіп, оған шұғыл ота жасалған. Белгілі болғандай, Байқоңыр қаласының тумасы Жасұлан Құдайбергенов сабаққа қатыспағаны және оқу ақысын төлемегені үшін маусым айының басында Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінен шығарылыпты. Қазақстандық азаматпен бірінші курстан бірге оқыған құрдастары Жасұлан сабақтан қалмайтын өте қабілетті студент болған дейді. Қазір тәлімгер мен оқытушының арасында қандай байланыс бары және оны мұндай қылмысқа не итермелегені анықталуда.