Бұл туралы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Шығыс Қазақстан облысының активімен кездесу барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
Министрдің айтуынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көлемінің 42,5 мың теңгеге дейін, яғни 1,5 есеге өсуі — бүкіл экономикаға мультипликативтік әсер етеді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметкердің жалақысы өседі. Олардың жалақысы орта есеппен 35%-ға өседі.
«Ең алдымен I-IV санаттағы жұмысшылар, орта арнайы білімі бар, еңбек өтілі төмен негізгі, әкімшілік және техникалық жұмысшылардың еңбекақысы өседі.
Мәселен, негізгі қызметкерлердің ішінде бұл – тәрбиешілер, әдіскерлер, зертханашылар, медбикелер, фельдшерлер, акушерлер және т.б.
Әкімшілік, көмекші, техникалық қызметкерлер – техниктер, аудармашылар, әдіскерлер, іс жүргізушілер, мұрағатшылар, хатшылар, операторлар және т.б.
Қазіргі уақытта біз Үкімет қаулысының тиісті жобасын әзірлеп, оны орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бекітуге жібердік», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.