Петропавл әуе қатынасынсыз тұр. Талай жылдан бері жыры бітпеген нысан былтыр жөндеуге алынған еді. Енді 1-ші шілдеден бастап рейстер мүлдем тоқтатылды.
Жаңғырту жұмыстарының барысын премьер-министр Кәрім Мәсімовтің өзі көріп кетті деп хабарлайды КТК арнасы.
Әуежайдың қазіргі сиқы адам шошырлық. Жолаушылар терминалында тіпті қабырға да қалмапты. Ал құрылыс жұмыстарына 7 миллиард теңге жұмсалмақшы. Шенділер алғашқыда әуежайға биыл жазда-ақ Алматы мен Астана тұрмақ, Анталиядан да ұшақтар қонады деп жар салған. Бірақ неге екені белгісіз, жөндеу жұмыстары жарты жылға кеш басталыпты.
Кәрім Мәсімовке жергілікті шенділер стратегиялық нысанның жаңарған макетін көрсетіп, қауіпсіздік шараларына қажетті құралдарға деп қосымша қаржы сұрады. Ал әуежай басшылығы терминалдағы құрылыс жұмыстары аяқталмаса да, қашанғыдай уәдені үйіп-төгіп, биыл күзде ұшақ қабылдай аламыз деп отыр.
“Жақында Ресей астанасы Мәскеу қаласына ұшамыз, одан кейін тағы да әр түрлі жоспарларымыз бар. Аэровокзалды салып боламыз. Оған дейін ұшақтарды қондыруға мүмкіндік болады”, – дейді «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ директоры Марат Хасенов.