“Рейтинг” газетіне сұхбат берген ақын, “Асыл арна” телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабек елімізде соңғы кездері орын алған жағдайларға, оның ішінде Ақтөбедегі лаңкестікке қатысты көзқарасын білдіріпті.
Оның айтуынша, егер дін арқылы адасқан адам болса, қазақ дәстүрінде уланған адамның бойындағы уытты ағарған беріп шығарғандай, оны ағартушылықпен тазарту керек.
– Радикалды топтардың адастыруымен теріс жолға түскен болса, тез арада олардың бетін бері қарата алатын мықты көшбасшы, сөзін ұйыта алатын, деңгейі оларды тарта алатын тұлғаларды тез арада тәрбиелеп шығаруымыз керек
– дейді Тазабеков.
Осы себепті де Тазабеков: «мешіттердің проблемаларын, қаржы-қаражаттарын шешіп, оларға халық арасындағы діни ағартушылықтармен айналысуға мүмкіндік беруіміз керек», – деген пікір білдіреді.
Сонымен қатар ол бес-он лаңкестің көзін жоюмен терроризм жоғалып кетпейді деген сенімде.
– Ол кез келген уақытта қайталануы мүмкін. Оның алдын алу керек. Алдын алмасақ, салдарымен күресіп шаршаймыз, – дейді Тазабеков.
Журналистің «Асыл арнаның» басы-қасында жүрген сіздерді әлеуметтік желілерде сәләфи деп жатқандар бар…» деген сұрағына Мұхамеджан Тазабеков былай деп жауап берген екен.
– Шынтуайтында, сәләфи деген ілгерлілер, бұрынғылар, алдыңғылар деген мағына береді. Сахабалар, олардан кейінгі екі буын табиундар және таба табиундар. Осы үш буын ілгерлілер болып есептелінеді.
Яғни Исламның алтын ғасырында солар сәләфи деп есептелінген. Ал, қазір сәләфи жоқ. Қазір шын мұсылман Алладан түскен Құранмен, Пайғамбарымыздың сүннетімен, әлгі айтқан сахабалардың көрсетіп кеткен бағыт-бағдарымен жүреді. Олар көрсеткен бағыт-бағдар қандай еді?
Олар ғұламалардың жолын ұстануды айтқан еді. Ал ғұламаларымыз кімдер? Олар кеше мәзхабтың жолын қалыптастырып, Исламның кесек қағидаларын жұмсартып, қарапайым адамдар түсінетіндей дәрежеге жеткізген Әбу-Ханифалар. Ғалымдарға сүйенуді, солармен бірге болуды сол кездегі сахаба-сәләфтар да, Пайғамбарымыздың заманындағылар да айтып кеткен.
Оның айтуынша, Тазабековты және оның айналасындағы адамдарды сәлафит айыптайтындар қазақтың қу пенделік көре алмаушылығынан шыққан. Басқа түк те емес.
– «Асыл арнаның» ашылғанына 9 жыл болды. Біз ашылғалы бері Үкіметтің назарындамыз. Біз сияқты терең тексеріліп, қатты қадағалауда отырған бірде-бір ұйым жоқ. Сондықтан толық бақылауда, толық тексеруде отырған телеарна болғандықтан бізді кінәлау жөнсіз деп есептеймін.
Біз мемлекеттің саясатына, ҚМДБ ұстанымына және Әбу-Ханифа мәзхабы негіздеріне арқа сүйеп құрылған телеарнамыз. Сондықтан бізді сәләфи деп айту – өте үлкен айыптау, отпен ойнау! – дейді осы ретте Тазабеков.
Ал қазақ қыздарының бетін бүркемелеуіне, жап-жас жігіттердің күзелмейтін сақал қойып, балақтарын қысқартуына қатысты айтқанда Тазабеков тарихқа үңілуге кеңес береді.
– Тарихымызға қарасақ, қазақ қызы қазіргідегідей жалаңаш жүрмеген. Және оны қара кигізіп, бетін де жаппаған. Сондықта біз осының ортасын табуымыз керек.
Жалпы сақал қою қазақ дәстүрінде жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ сақал сияқты жауапкершілікті алып жүру үшін жүзінен нұры төгілген, ісінен үлгі шашатын жақсы мұсылман болуға тырысу қажет, – дейді «Асыл арна» телеарнасының бас директоры.