Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин Ақорданың қақпасының алдында болған жол апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
“Жол апатын жасаған қызметкерлер ішкі істер органдарынан жұмыстан шығарылды. Әкімшілік өндіріс мәселесі ішкі істер органдарының құзырына жатады және оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту шешімі шығарылады. Оларды әкімшілік жауапқа тартуды сот қарайды”, — деді Лукин журналистерге.
“Мұны сот шешеді, сараптама жасалауы тиіс. Жол апаты қасақана жасалған жоқ, көктайғақ болды”, — деп жауап берді.
Естеріңізге сала кетсек, Porsche Cayenne көлігінде отырған екі полицей Астанада президент резиденциясының қақпасына соғылған болатын. Қалалық полиция жүргізуші көктайғақта рөлге ие бола алмай, қақпаға шамалы зиян келтірді деп түсіндірді. Жол апатына кінәлі қызметкер мен оның басшысы ішкі істер органдарындағы қызметінен шығарылды.