Атырау облысының Исатай ауданына қарасты Жанбай ауылының тұрғындары әскери бөлім қызметкерлерімен жанжалдасып, арты жаман бола жаздады.
Әскери бөлімшенің қақпасын торуылдаған ауыл тұрғындары түнгі сағат 02.00-ге дейін кетпей қойған.
ATPress басылымының мәліметінше, 18 қыркүйекте мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлер командирдің орынбасарымен бірге ауыл ішімен сап құрап келе жатқан. Жолдың шетімен келе жатқан сарбаздарды Toyota Land Cruiser жүргізушісі жанай өтеді. Салдарынан екі әскери қызметкер жеңіл жарақат алған. Көліктегімен сөзге келіп қалған әскери бөлімше командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әскерилерге бөлімге кетуін бұйырады. Сол кезде тағы екі көлік келіп жандарына тоқтайды. Офицер мәселені өзі шешпекші болады.
Бұл оқиғаға қатысты аудандық Ішкі істер бөлімі іс қозғады деп хабарлады „Хабар-24„ телеарнасы.
Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінің жағасында орналасқан Жанбай ауылы – браконьерлікпен аты шыққан елді мекен. Мұнда құқық қорғау органдары мен тұрғындар арасындағы текетірес жиі тіркеледі.
Жанболат Аекенов, Батыс өңірлік әскери прокуроры:
– Қазіргі таңда шекарашылардың қызметтік қару қолданғаны жөнінде факт тіркелді. Бұл жөнінде қызметтік тексеріс жүргізілуде. Бұдан басқа азаматтарға да қатысты іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Тергеуді Атырау облысының Исатай ауданының Ішкі істер бөлімі жүргізіп жатыр. Бүгін шекарашы командирінің анықтауымен жергілікті тұрғындармен жиналыс жасалып, заңды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Видеода бейәдеп сөздер кездесетінін ескерте кетелік.