Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
10
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Көзін шығарып жіберіпті”. Түлкібас ауданында екі депутат төбелесті (фото)

323

Түлкібас ауданында қос халық қалаулысының жаман аты шығып, елді дүрліктіріп жатыр. Аурухананың жарақат бөліміне жедел жәрдеммен шұғыл жеткізілген білдей мәслихат депутаты Айтбек Меңлібеков. Өңірдегі сыйлы, атағы жер жаратын азаматтың таяқ жегені, несі?

Айтбек Меңлібеков

 

Жарақат бөлімінің меңгерушісі Қуанышбек Нұрлыбаев бұрынғы әріптесінің бүгін науқасына айналғанына өкінішін жасырмады. Ақ халатты жан бірер жыл бұрын өзі де мәслихат депутаты болып сайланған екен. Талай жыл достығы жарасып келе жатқан азаматтың айтуынша, жолдасының, әсіресе, психологиялық жағдайы өте ауыр.

Болған жайт өзегін өртеп, жегідей жегені сонша, іштей тынып, ешкімді көргісі келмейтіндей халге түскен. Дәрігер ұялы телефонына түсіріп алған жолдасының суретін көрсетіп, күрсініп алды. Шынымен де адам шошырлықтай халде екен. Көкпеңбек ісіктен көздері жұмылып, қанталап кеткен.

Білгеніміз,  қатты соққыдан депутаттың миы шайқалып, жағы сынған. Сол көзі көрмей қалған.

Медицина тілімен айтқанда, контузия алған. Сол жақтан гемотома алып, көз жанары жарылған.

– Головкиннің соққысы дер ем. Бір ұрып жағын сындырған. Халі орташа. Бірақ ер азамат ретінде, жан жарақатының жайын айтып жеткізе алмаймын. Ол өте сыйлы, салмақты да сабырлы кісі. Бүкіл ел танып, құрметтейді. Талай жыл таныған соң, айтып отырмын. Ал жарақатынан жазылу үшін кемінде 10 күн ем қабылдайды. Әрі қарай да қадағалауды қажет етеді. Қан қысымы көтеріліп жатыр. Толық емделуі керек, – дейді Түлкібас аудандық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Қуанышбек Нұрлыбаев

Әріптесін көк ала көк қойдай етіп сабаған азамат та дәл осы аурухана жатыр. Терапия бөлімінде ем қабылдап жатқан Өтепбай Мәткәрімов, оқиға болған күні жедел жәрдеммен жеткізілген екен. Медициналық тексеру қорытындысы, науқастың жүрегі ақау бергенін көрсеткен.

– Науқастың халі орташа. Бір жетідей ем қабылдайды. Тексеру қорытындысы жүрек соғысының өзгеріске ұшырағанын көрсетті. Науқастың жүрегіне операция жасалған. Сондықтан бақылауда болуы тиіс. Өтепбай Маткәрімовті  аудан әкімінің бұрынғы орынбасары ретінде танимыз. Болған жайтта біздің шаруамыз жоқ. Екі азаматқа да толықтай жағдай жасалып жатыр. Біз үшін кімнің кіммен төбелескені маңызды емес. Олар науқасымыз. Күні бойы құқық қорғау органдары мазаларын қашырып, сұраудың астына алуда. Согндықтан оларға түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз, – дейді аурухананың бас дәрігері Махамбет Бейсеуовтен.

Болған жайтқа қатысты құзырлы органдар жақ ашпай отыр. Прокуратура қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Тіпті, Түлкібас ауданы әкімдігінің басшылығы да оқиғаның болғанынан бейхабармыз, деп отыр. Әзірге белгілісі, екі азамат та полицияға шағымданған.

– 17, 18-наурыз күндері Түлкібас аудандық ішкі істер бөліміне 1955-жылы туылған жергілікті екі тұрғыннан арыз тіркелді. ҚР ҚК 107-бабының 1-тармағы бойынша (Денсаулыққа қасақана орташа деңгейде зиян келтіру)  сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалған, – деді өз жауабында ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз-хатшысы Салтанат Қаракөзова.   

Атақтары дардай, халық аманатын арқалаған, алпысты алқымдаған азаматтардың жаға жыртысуына не себеп?

Аты-жөнін жариялауға жүрексінген оқиға куәгерінің бірі даудың Түлкібас ауданының әкімшілігінде орын алғанын айтып берді. Мәслихат хатшысы Өтепбай Мәткәрімов өз жұмыс орнында жиналыс өткізіп жатқан. Осы тұста аудандық мәслихат депутаты Айтбек Меңлібеков келіп, әкім сайлауына қатысты өзінің қарсылығын танытқан. Екі азаматтың арасында орын алған жайтқа 6-7 шенеунік куә болған.

Оқиға куәгерінің айтуынша, дау Түлкібас ауданына қарасты Темірбастау ауылының әкімін сайлауға қатысты орын алған. Екі депутаттың келіспеушілігінен әкімдік қабырғасында өрбіген жанжалда, Мәткәрімов мырза әкімдіктегілердің көзінше қарсыласын соққыға жыққан.

Өңірдегі бірнеше халық қалаулысына хабарласқанымызда, басым бөлігі екі депутаттың төбелесі жайлы ашық айтудан бас тартты. Әріптестерінің мінез-құлқын білетін ақ жағалылар, бұл тұста мәслихат депутаты әрі «Ақсу – жабағлы» қорығының директоры Айтбек Меңлібековтың жағында екендерін жасырмады.

Депутат жайлы көпшіліктің берген мінездемеге сүйенсек, ол өте салмақты, қарапайым, артық сөзі жоқ, өз тірлігін жетік меңгерген, ер мінезді азамат. Осы уақытқа дейін ешқашан жаман аты шықпаған, ел сыйлайтын кісі ретінде танылған.

Ал аудандық мәслихат хатшысы Өтепбай Мәткәрімов жайлы пікірлер қарама-қайшы болып шықты. Кезінде полицияда қызмет еткен азамат, билікке ауысып бірнеше жыл Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Мәткәрімов мырзаға қатысты әріптестері оның қызу қанды екенін жасырмады. Сондай-ақ, депутат мырза мәселені жұдырықпен шешуге бейімдеу болып шықты. Бұл оның тәжірибесіндегі алғашқы дау емес екен.

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз