Нұр-Сұлтан
Қазір
3
Ертең
11
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

“Көзге ілмейді, керек қылмайды”. Өзге елдің туын желбіретіп жүрген батыр ұлдарыңызды білесіз бе?

321

Елмұрат Зұлыпқарұлы Тасмұратов
Туған жылы: 12 желтоқсан 1991 жыл
Туған жері: Өзбекстан, Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қызық Ту ауылы
Азаматтығы: Өзбекстан
Спорт түрі: Греко-рим күресі
Жетістіктері: Рио-де Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем біріншілігінің үш мәрте қола медалін иеленген, Азия чемпионатында үш рет алтыннан алқа тағынса, бір мәрте ақтық кезеңде ұтылған.

Ол 1955 жылға дейін Қазақ КСР Шымкент облысына кірген Бостандық ауданындағы Қызыл Ту ауылының тумасы. 1991 жылы туған Елмұрат 13 жасында елге оралып, Бекзат Саттарханов атындағы мектеп-интернатта білім алады.

Күреске икемі бар болғанымен құрама бапкерлері түрлі сылтаулармен оны шақыртпайды. Ұлттық құраманың сапына іліне алмаған Елмұраттың өзегін өкініш өртеп, Өзбекстанға қайтуға бел буады.

Дегенмен бұл шешімі дұрыс болады. Ағайынды өзбектердің атынан Азия чемпионатында үш мәрте топ жарды. Астанада өткен Азия біріншілігінде қазақстандық Бағлан Жақаншаны 10:0 есебімен оңдырмай ұтқан. Сонымен қатар, 2013 жылы әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін болған жекпе-жекте Алмас Кебіспаевтан айласын асырып, үздіктердің қатарынан көрінді. Ең жоғары көрсеткіші – Олимпиада қоласы. Өткен жылы өткен Рио Олимпиадасына Өзбекстанның қоржынында медаль түсірген болатын.

Ербол Қалабаев
Туған жылы: 9 ақпан 1987 жыл
Туған жері: Қазақстан, Ақтөбе қаласы
Азаматтығы: Беларусь
Спорт түрі: Греко-рим күресі
Жетістіктері: Жастар арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы, ерлер арасында ел біріншілігінің күміс жүлдегері, Беларусь чемпионатының алтын және қола медалін иемденген, Түменде өткен Гран-При жарысында үздік үштіктің қатарында көрінді.

Ақтөбе қаласында туып-өскен Ербол греко-рим күресімен шұғылданады.

2007 және 2008 жылы қатарынан екі рет жастар арасында Қазақстанда қарсылас шақ келтірмеген.

Ал арада бір жыл өткен ересектер арасында күміс жүлдені жеңіп алады.

2010 жылы Ұлттық құраманың сапына шақыртылғанымен, ірі жарыстарға барарда тізімге ілінбей қала берген.

Ақыры бәсекелестіктің жоғары болғаны соншалық, Ербол барған жарысында жүлде алып үлгермей, Ұлттық құрамадан тыс қалады. Дарынды палуанды бірден Беларусь бапкерлері шақыртады. Атап айтқанда, Сеуль Олимпиадасының жеңімпазы, Беларусь құрамасының бас жаттықтырушысы Камандар Маджидов Ерболды қол астына алады. Қазақ баласы бапкерлерін ақтады. 2011 жылы ішкі біріншілікте үздік үштікке ілінсе, келер жылы жеңімпаз атанады. 2013 жылы Түмен жерінде өткен Гран-При додасында қола медалді иемденді.

Марат Гарипов
Туған жылы: 1985 жылы
Туған жері: Қазақстан, Тараз қаласы
Азаматтығы: Бразилия
Спорт түрі: Греко-рим күресі

Бәсекелестіктің тағы бір құрбаны – Марат Гарипов.

Олимпиада ойындарына қатысуды арман еткен Марат қазіргі таңда Латын Америкасында өмір сүріп жатыр. Қазақстанның атынан олимпиадаға қатыса алмайтынын жақсы түсінген палуан Бразилия федерациясының ұсынысын қабыл алған.

Дегенмен, оның бұл шешімін бәрі бірдей құптай қойған жоқ. Тіпті, Бразилия елінің атынан өнер көрсетуіне кедергі келтіргендер де болған көрінеді. Алайда барлық қиындықтарды жеңген Марат қазіргі таңда «Пеленің отанына» қарсылас шақ келтірмейді. 2016 жылы бала кезгі арманына бір табан жақын болған. Бірақ Рио-де Жанейро өткен Олимпиаданың алдында ауыр жарақат алып, дүбірлі доданы өткізіп алды. Ендігі мақсаты – 2020 жылы өтетін Токио Олимпиадасы.

Елнұр Абдураимов Нұрғалиұлы
Туған жылы: 10 маусым 1994 жыл
Туған жері: Өзбекстан, Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қызық Ту ауылы
Азаматтығы: Өзбекстан
Спорт түрі: Бокс
Жетістіктері: 2015 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері, әлем чемпионатында бір мәрте топ жарса, енді бірде үздік үштіктен көрінді.

60 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын Елнұр өзбек жерінде дүниеге келген. Бүгінгі тізімдегі шет елде туып-өскен жалғыз спортшы.

Жас спортшының дарынын байқаған Өзбекстан құрамасының бапкерлері оны Ұлттық құрамаға ерте шақыртты.

Ерлер арасындағы Азия біріншілігінің қола жүлдегері атанған. 2015 жылы әлем чемпионатында үздік үштікті түйіндесе, арада екі жыл салып әлемдік додадағы жетістігін жақсартты. Бұл жолы Ташкентте өткен жарыста қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынды. Бангкокте өткен әлем біріншілігінде Рио Олимпиадасына жолдама алған еді. Алайда Өзбекстан құрамасының бапкерлері таңдауды жас Елнұрға емес, тәжірибелі Хуршид Таджибаевқа жасады. Елнұрдың жасы – 23-те. Әлі алар асуы алда деп ойлаймыз.

Міне, спортшыларымыз тек Отанында емес, шекара асып, өзге елдің намысын дүбірлі додаларда қорғап жүр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз