Белгілі алматылық бизнесмен Қайрат Құдайберген ақтөбелік Махаббат есімді қыздың отбасына жаңа пәтер сатып алып бермек ниетте.
Бұл туралы “Диапазон” басылымы хабарлайды.
“Зардап шеккен отбасыға үй салып береміз деген едік, бірақ оларды көп күттіргіміз келмеді, содан жаңа екі қабатты баспана сатып алып берейік дедік”, – дейді кәсіпкер.
Бизнесмен аумағы 159 шаршы метр болатын үйді таңдап та қойған екен. Алайда әкімдік ол үйдің өзенге жақын орналасқанын айтып, қарсылық танытқан. Сондықтан басқа үй іздестіруге мәжбүр.
“Біз істі соңына дейін жеткізіп, бүлдіршінге қуаныш сыйлағымыз келеді” – дейді ол.
Қазіргі таңда кішкентай Махаббат Ешімованың да отбасы өзге зардап шегушілермен бірге жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Бұған дейін ол баспаналарын су шайып, астаң-кестеңін шығарғанын айтып билікке үндеу жолдаған еді.
Айта кетелік, үйін су шайып, оқулықтары да бүлінген Ақтөбедегі 4-сынып оқушысы:
„Үкімет қайда қарап отыр, құм неге әкелмейді, біз ешкімнен ақша сұрамай, тиындап жинап осы үйді өзіміз салдық қой, оқулықтарым да суға кетті, мектеп енді ұрсады ғой„
деп зар илеп жылаған видеосы әлеуметтік желілерде көптеп тарап, елдің жүрегін елжіреткен еді.
Кейінен ҚР Білім және ғылым министрлігі Махаббатты жаңа мектепке баруына ат салысып, барлық оқулықтарын түгендеп берген. Бірақ оның отбасы жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр. Оларға алдында үй сатып алып беруге оппозиция өкілі Мұхтар Әблязов ниет танытқан екен.