Видео үндеу полиция бөлімшесінде жазылды.
Көбейтұз көліне жол талғамайтын көлікпен кірген жүргізуші көпшіліктің алдында кешірім сұрады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп бұзушы Нұр-Сұлтаннан Екібастұзға жұмыс сапарымен бара жатқанын айтты. Жолда ел аузында жүрген қызғылт көлге баруға бел буады.
«Әрине, менің әрекетім жөнсіз болды. Көлге көлікпен кіргенім үшін кешірім сұраймын. Мен кәрі емеспін, жаяу жүруіме болар еді, бірақ солай болды. Мен тағы бір мәрте кешірім сұраймын, әлеуметтік желілерде үлкен талқылауға іліктім. Шын сөзім, 40 жасымда мұндай әрекет жасаймын деп ойламадым…», — деп түсіндірді тәртіп бұзушы.
Ақмола полицейлері тәртіп бұзушыны тауып, ортақ су пайдалану ережелерін бұзу және ортақ пайдалану орындарын ластау баптарына сәйкес жауапкершілікке тартты. Айыппұл сомасы 13 890 теңгені құрады.