Нұр-Сұлтан
Қазір
14
Ертең
13
USD
440
0.00
EUR
474
0.00
RUB
4.82
0.00

Үкімет отырысында қандай мәселелер қаралды?

«Өздеріңіз де көріп отырғандай, қараша айы жылдағыдай емес, аязды әрі қарлы болып отыр. Оңтүстікте қар көп, солтүстікте аяз қатты, ерекше күшейіп тұр. Бүгінгі ақпараттарға қарағанда, бірқатар өңірде жылу қазандықтары істен шығып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беру тоқтаған. Жылу беру мәселесін біз Үкіметтің бірқатар отырыстарында қарастырдық. Үкіметте мәселе көтерілген кезде әкімдіктер тарапынан дайындық мәселесі ойдағыдай деп айтылған болатын. Бірақ, соған қарамастан, кейбір жағдайлар орын алуда», деген Премьер-Министр дәл осы мәселеге қатысты бірқатар өңір басшысынан мән-жайды сұрады. Бұл ретте алдымен Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өзі басшылық ететін өңірдің кейбір аудандарында аяз –37 градусқа дейін жеткенін айтты. Сонымен қатар, жылу беру маусымына жеткілікті отынның бар екендігін, барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер тұрақты түрде жылумен қамтамасыз етілгендігін атап өтті. «Барлық қалалар мен аудандарда коммуналдық-техникалық қызметтер мен апаттан кейін қалпына келтіру бригадалары жұмыс істеуде. Облыста жылу беру маусымы тұрақты бақылауда, штаттан тыс жағдайлар орын алған жоқ», деді әкім.

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те жылу беру маусымы дер уақытында басталғанын, нормативтік параметрлерге сай отын көлемі барлық жылу көздерінде бар екендігін айтты.

«Негізгі проблема Теміртауда болып тұр. Температура төмен­деген кезде су таратқыш жарылды. Дегенмен, жылу жеткіліксіз болса да қалаға жүктемені ұстап тұрмыз. Қазіргі уақытта апатты жағдай жойылды десек те болады. Қалған елді мекендер бойынша жағдай бақылауда. Саран қаласында температура төмендеген кезде бірқатар үйлерге жылу жеткіліксіз болды. Шаралар қолға алынуда», деді Н.Әбдібеков.

Ал Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірде кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдар жылу беру маусымының соңына дейін жеткілікті көмірмен қамтамасыз етілгендігін айтты. «Мазутқа байланысты мәселе болған еді. Бізді қолдап, Үкімет қорынан 552 млн теңге бөлдіңіздер. Біз жергілікті бюджеттен де қаржы бөлдік», деді ол.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов те қысқы маусым штаттық режімге сай өтіп жатқанын, жағдай бақылауда тұрғанын хабарлады. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Петропавлдың 2-ші жылу электр стансасы қоймасында 11 тәулікке жететін 82 мың тонна көмір бар екендігін айтты. Ал негізінде отын қоры 20 тәулікке еркін жетуі тиіс. Мұндай жайттың орын алуына темір жолмен көмір жеткізуде туындаған кемшіліктер себеп. «Жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде біз екі бағдар ұсыну мәселесін шештік. Бұған қоса, Қазақстан темір жолымен екі тәулікте бір рет қосымша бағдармен көмір жеткізуге уағдаластық. Нормативтік қор 20 желтоқсанда қалпына келтіріледі», деді Е.Сұлтанов.

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин де өңірдегі қазандықтардың штаттық режімде жұмыс істеп тұрғандығын, көмір мен мазуттың кемінде 2 айға жететін қоры бар екендігін атап өтті. Алматы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, қаладағы жылу беру жүйесі жұмыс істеп тұр. Отынның нормативтік қоры бар. Апатты жағдайларды жою үшін бір ауысымда 53 көшпелі бригада, 144 техника мен 375 маман сақадай сай тұр. Бұған қоса, 39 арнайы техника сатып алынған. Олар қалаға желтоқсан айында жеткізілмек. Осылайша, жылу мәселесіне қатысты әкімдер «жылы» ғана жауап берді.

Әкімдерді тыңдаған соң Үкімет басшысы өзінің бірінші орынбасары Асқар Маминге бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. «Енді ғана басталған қыстың беті қатты. Сондықтан жылу беру маусымын барлықтарыңыз жеке бақылауда ұстаңыздар», деді Б.Сағынтаев.

 

Қайта оралған емтихан

Жылу беру мәселесін пысықтап алған соң, отырыс күн тәртібіндегі негізгі мәселеге ойысты. Бұл – Ұлттық бірыңғай тестілеуді жетілдіру жайы. Биыл елімізге ҰБТ-ның енгеніне – 13-ші жыл. Осы жылдар ішінде бұл тестілеуге 1,5 миллионнан астам бала қатысқан. Әрине, бұл аралықта оның артықшылығы да, кейбір кемшіліктері де болған. Дегенмен, уақыт өткен сайын бұл жүйеге де өзгерістер енгізу қажеттілігі туындаған екен. Оған көпшілік арасында жүргізілген қоғамдық сауалдама нәтижесі ықпал етіп отыр.

«Ең біріншіден, қоғам ҰБТ-ны тек қана ЖОО-ға түсу емтиханы ретінде қабылдайды. ҰБТ бірінші күннен бастап мектеп бітіру емтиханы ретіндегі өзінің функциясын орындамай отыр. ҰБТ-ға ешқашан түлектер 100 пайыз қатысқан емес. Және де жыл сайын оған қатыспайтындар қатары артуда», деді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Министрлік ҰБТ төңірегіндегі барлық мәселені зерделей келе, оның жаңа форматына ауысуды жөн санаған. Е.Сағадиевтің айтуынша, министрлік қорытынды аттестаттауды бөлу жұмыстарын жүргізген. Енді түлектер мектеп бітіру сынағын тапсырады. Ал Ұлттық бірыңғай тестілеуді ЖОО-ға түсу үшін ғана тапсырады. Мектептегі қорытынды аттестаттау 5 пәннен тұрады, оның 4-еуі міндетті, 1 пән – таңдау бойынша.

Сөйтіп, ҰБТ ЖОО-ға қабылдау емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде сақталады, бірақ оның форматы өзгереді. Бұрын 5 пәннен 125 сұрақ беріліп, оның ішінен 4 пән бойынша 100 сұрақ есептелетін. Ал 2017 жылғы ҰБТ форматында 120 сұрақ қарастырылып, барлығы есептеледі. Кейбір сұрақтардың жауабына 2 балл берілетіндіктен, ең жоғары көрсеткіш 140 балға тең. Сауалдар 5 пәннен қойылады, олардың 3-уі міндетті, 2-уі талапкер жоспарлаған ЖОО-дағы мамандыққа байланысты бейіндік пән болады. Тестілеу уақыты да өзгермейді – 3 сағат 30 минут. Өту балы да өзгерген жоқ – 50 балл.

Айтқандай, ЖОО-ға түсу үшін «Алтын белгі» иелері де ҰБТ тапсырады. Е.Сағадиевтің айтуынша, тестілеудің жаңа форматын талқылау кезінде жұртшылық тарапынан «Алтын белгі» иегерлерін, халықаралық білім олимпиадалары мен жоба­лар­дың жеңімпаздарын тестілеуге қатыстырмай, оқуға тікелей қабыл­дау туралы ұсыныс айтылыпты. «Бірақ біз оны қолдаған жоқпыз. ҰБТ-ны барлық оқушы­лар тапсыруға тиіс, деді министр. Бірақ, оларға жеңілдік жоқ емес, мәсе­лен, егер «Алтын белгі» иегері мен төрт-беске оқыған бала бір­дей ұпай санын жинаса, онда мем­лекеттік грант «Алтын белгі» ие­геріне тапсырылады екен. 2017 жылы ҰБТ 20 маусым мен 1 шілде аралығынла өтеді, сондай-ақ, түлектерге оны 2017 жылдың тамызы мен 2018 жылдың қаңтарында қайта тапсыруға мүмкіндік беріледі.

Министрдің айтуынша, келер жылы колледж түлектері үшін талапкерлерді кешенді тестілеу форматы өзгереді. Бүгінге дейін колледж түлектері ҰБТ кезінде өздері колледждің соңғы жылдарында оқымаған пәндері бойынша да тестілеуге қатысып келген. Осыған байланысты келесі жылдан бастап енгізілетін талапкерлерді кешенді тестілеу жаңа форматында талапкерлердің колледжде оқытылған білімі ғана назарға алынады. ТКТ жаңа форматында 60 сауал қарастырылған, оның 20-сы жалпы пәндер бойынша, 40 сауал бейіндік пәнге қатысты. Мұндай жағдайда түлек өзінің бейінін одан әрі жетілдіруді таңдауға тиісті. Мысалы, педагогикалық колледж түлегі педагогикалық мамандыққа баруы керек. Ал бейінін өзгерткен жағдайда талапкер ҰБТ тапсыруға міндетті.

Үкімет басшысы ҰБТ-ның жаңа фор­маты қабылданған жағ­дай­да дайындық жұмыстарын қа­зір­­ден бастап жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.

maxresdefault

Жетілген заңнамалар жұмысты жеңілдетеді

Үкімет отырысында, сонымен қатар, бірқатар заңнамалар тал­қы­ланды. Бұл ретте Әділет министрі Марат Бекетаев зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша қарастырылған өзге­ріс­тер мен толықтырулар жөнін­де баяндады. Бұл зияткерлік меншік саласындағы әкімшілік кедер­гілерді азайтуға бағытталған. Бел­гілі болғандай, қазір Қазақстанда өтінімдерді және сараптамалар­ды қабылдау сараптама ұйым­дарында, зияткерлік меншік сала­сының нысандарына құқықты тіркеу Әділет министрлігінде жүргі­зіледі. Ал мұндай жұмыс ЭЫДҰ елде­рінде, атап айтқанда, АҚШ, Пор­тугалия, Жапония, Швей­цария, Германия, Қытай, Корея ел­дерінде бір ведомствода «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асырылады.

Ал «Электр энергиясы мәсе­лелері бойынша Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңна­малық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жөнінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баян­дады. Заң жобасында электр қуатын таратушы ұйымдарға 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізілетін талаптар қарастырылуда. Энергетика министрінің айтуынша, сайып келгенде 2020 жылға қарай энергия таратушы ұйымдардың саны көп дегенде 120-130-ды құрайтын болады, энергиямен жабдықтау сенімділігі күшейеді, тұтынушылардың электр энергия­сын қолданғаны үшін төлемақы шығыны азаяды.

Министр өңірлік электр желілік компанияларды ұлғайту тетіктерін ұсынды. Мәселен, энергия таратушы ұйымдарды иесіз электр желілерін теңгерімге қабылдаған жағдайда корпоративтік табыс салығы мен мүлік салығынан босату болжанған. Табиғи монополия саласында заңнамада қарастырылған электр энергиясын таратуға салынатын тыйым алынып тасталатын болады. Электр қуатын тарату тарифтерінің шекті деңгейі қайта қарастырылуы, сондай-ақ, мемлекеттік кәсіпорын тең­геріміндегі қайта тұрғызылған қосал­қы стансалар мен электр желі­лері энергия таратушы ұйым­дар теңгеріміне өткізілуі мүмкін.

Мамандар не дейді?

Эльмира СУХАНБЕРДИЕВА,

Білім және ғылым вице-министрі:

– ҰБТ-ның жаңа форматы – кез келген оқушы үшін грант иелену мүмкіндігі, сол себепті барлығына бірдей жағдай жасалады. Меніңше, емтихан тапсыруға байланысты ЖОО-ға түсуге ешқандай кедергі жоқ. Бұл жерде барлығы нақты көрсетілген. Керісінше, біз балалардың міндетін жеңілдеттік. 11 жыл бойы мектепте оқығанына байланысты қорытынды аттес­тацияны бала өз мектебінің қабырғасында тапсырады, билетпен дайындалады. ЖОО-ға түсуге қатысты ешқандай айқай-шу болмауы тиіс.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жаңа форматты біз қолдаймыз. Түлектердің өз мектептерінде қорытынды есебінде емтихан тапсыруы өте дұрыс. Алайда ҰБТ тапсыру бойынша мынандай пікірім бар. Қазірге дейін республиканың 165 пунктінде, оның ішінде аудан, облыс орталықтарында ҰБТ ұйымдастыруда көптеген қиыншылықтар бар. ЖОО-ға тапсыратын болғандықтан, ҰБТ-ны тапсыруды облыс орталықтарына көшіруді ұсынамын. Алдымен көптеген шығыннан құтыламыз. Екіншіден, әділдік болады. Үшіншіден, ешбір елде ЖОО-ға түсу үшін аудан орталығында емтихан тапсырылмайды. Облыс орталықтарының ЖОО корпустарында тапсырғанда, біріншіден, оны қажетті жарақтармен жабдықтау мүмкіндігі мол, әділ өтуіне қолайлы. Ал мектеп бітіру үшін тапсыратын сынақты мектептерде тапсыруға толық мүмкіндік бар.

Қылышбай БИСЕНОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры:

– Көптен бері маңызды мәселелердің бірі болып жүрген ҰБТ-ның жаңа форматы қоғамдық қолдау тауып отыр. Осы енгізілген өзгерістер нәтижесінде жоғары оқу орындарына білімді де білікті талапкерлер қабылданатын болады. Сондықтан болашақта мектеп бітірушілер мен ата-аналар арасында кең көлемде түсіндіру және кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Бұл ЖОО-дағыларға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл жұмыстарды атқаруға біз дайынбыз.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз