Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов „Байсерке Агро„ агрохолдингтің ғылыми-өндірістік орталығы мен сүт кешенін аралады. Сонымен қатар «Етті мал басы» көрмесін аралап шықты.
Жыл сайын «Байсерке Агро» кәсіпорыны 1800 тонна сүт және 1250 тонна ет өнімдерін шығарады. Ол өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді әрі маңызды нысан болып табылады.
Ауылшаруашылығы жерлерін аралау кезінде Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Аукенов Кәрім Мәсімовке Алматы маңындағы азық-түлік белдеуін дамыту туралы айтып берді. Осылайша, 2016 жылы азық-түлік белдеуі бағдарламасы аясында құны 56,2 млрд теңге болатын 54 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Кәрім Мәсімов Қазақстанда агро өнеркәсіп кешендері маңызды әлеуетіне ие, бірақ саланы одан әрі дамыту үшін қазақстандық шаруалар ғылыммен тығыз байланыс орнату қажет екенін айтып өтті.
«Байсерке-Агро» базасында ғылыми кластер құрылғанын айта кеткен жөн. Агрохолдинг Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі зерттеу институты ғалымдарымен белсенді ынтымақтастық жүргізеді.
Сапар соңында Премьер-Министр асыл тұқымды жылқы өсіретін жылқы зауытын аралады.
Еске сала кетелік, 2008 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматының айналасында азық-түлік белдеуін құру бойынша бағдарлама жасауды тапсырды. Алматы облысындағы агроөнеркәсіп кешенінің алдында еліміздің ең ірі қаласының тұрғындарын сапалы және балғын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті қойылды.