Киевтегі жындыханаға түсіп қалған Лена Бәйімбетова (бұған дейін Лиана Байымбетова деп берілген – ред.) туыстарына Қазақстанға қайтқысы келмейтінін айтқан. Жақындары соңғы кезде дін жолына түскен Ленаның есік-терезені жауып намаз оқып жүргенін ғана біледі.
“Оның қолында көк тиын ақша жоқ. Басқа елге қалай кеткенінен хабарсызбыз. Отбасындағы жалғыз қыз еді. Қатты оқығанның пайдасы шығар, түсініксіз болып кетті.
Осыдан екі ай бұрын Киевтен бір адамдар папасына хабарласып «Сіздің қызыңыз ба?» деп сұраған. <Ол кісі Ленаның өзіне бағынбайтынын, тілін алмайтынын айтты.
Лена соңғы кездері өзгерді. Бір бөлмеге кіріп алып, есік-терезені жауып қараңғылап бірдеңе оқып жүрді.
«Менің атым Лена емес Фатима» деген. Адаммен көп байланыс жасамайды”, – дейді туысқаны.
Ал Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тумасы Лена Бәйімбетованың анасы қызының жағдайынан мүлде хабарсыз.
“Қызым Киевте жүр. «Қайтпаймын» деп айтқан. Үйден Ақтауға барып жұмыс жасаймын деп кетті. Ол жақтан ештеңе таппай, Астанаға барып, бір журналда жұмыс жасады.
«Қазақстанда жұмыс жоқ, Киевтен қайтпаймын» деп отыр дейді. Ол бізбен сөйлеспейді. Қызымның қайда жатқанынан, не істеп жүргенінен хабарсызбын”, – дейді Ленаның анасы Роза Жұбаназарова.
63 жастағы Роза апа үш баласының бар екенін айтты. Лена жалғыз қызы екен.
“Қызым өзін үлкен саясаткердей ұстайды, саяси оқиғалардың бәрін біліп отыратын. Мектепті де жақсы оқыды. Халықаралық жарыстардан жеңімпаз болып жүрді.
Ол қатты білімді. Осы қыз тас жарады деп жүр едік, көз өтіп кетті ме білмеймін. Ағылшын тілін білмегені үшін магистратураға түсе алмай қалды.
Сол оқуға түспегеннен кейін балам бұзылды.Оның үстіне еш жерден жұмыс таппай қиналды. Басқа жаққа барып жұмыс жасаймын деп кетті.
34 жасқа келсе де айтқанды тыңдаған жоқ. Не істеп жүргенін білмеймін. Ол өзі туралы айтпайды, сұрасаң ренжиді. Ол бізбен көп сөйлеспейді де. Аман жүрсе болды деп тілеуін тілегеннен басқа амалымыз жоқ”, – дейді анасы.
Туыстары Ленаны елге әкелуге көмек көрсетуді сұрайды.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Украинаға турист ретінде барған ақтөбелік тілшінің Киевтегі жындыханадан бір-ақ шыққаны туралы хабарлаған болатынбыз.