Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдегі мектеп оқушысын жезөкшелікке мәжбүрлеу оқиғасына қатысты пікір білдірді.
Айта кетейік, биыл тамызда Қызылорда қаласында мектеп оқушылары «сыныптасын секс-құлдықта ұстаған» деп күдікке ілінді. Бұл оқиға жөнінде қоғамдық қорға жәбірленушінің ата-анасы мәлімдеген.
«Қызылорда облысының білім саласында зорлық-зомбылық, адам өлтіру, суицид ақпараттары жиі орын алады. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов екі рет сөгіс алса да, неге қызметінен босатылмады?» деп сұрады.
«Білім басқармасына біржақты қарауға болмайды деп есептеймін. Ол азамат бұған дейін білім саласында жұмыс істеп келген. Қалада білім бөлімін басқарған, мектеп директоры, аудан әкімі, қала әкімінің орынбасары секілді көп лауазымдарды атқарған тәжірибелі әріптестеріміздің бірі. Бір-екі кемшілік үшін әр басқарма басшысын босата берсек, бұл жақта адам қалмайды. Біз оған қатаң сөгіс бердік. Алдағы уақытта нәтиже болса әріптесімізбен бірге жұмыс істейміз, тағы мұндай жағдай қайталанса – тиісті шешім қабылданады. Біз алдағы уақытта мұны бақылаймыз, мұндай жағдайларды болдырмау үшін жұмыс істейміз. Оқушының анасы Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген. Қызылордаға келген соң, сөйлестік, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік, ол кісінің ұсынымдарын тыңдадық. Даулы оқиғадан кейін қауіпсіздік мақсатында оларды басқа үйге көшіру туралы ұсыныс жасадық. Алайда, бас тартты. Біз әрі қарай да қолдау көрсетуге дайынбыз. Қазір тергеу амалдары аяқталмай, сот шешімі шықпай, біреңе айтуға ертерек. Бәрі аяқталған соң, міндетті түрде кең көлемде жауап береміз. Осы салаға жауапты орынбасарым, білім басқармасы, құқық қорғау органдарының басшылары осы оқиға жөнінде брифинг өткізеді», – деді Н. Нәлібаев.
Еске салсақ, қоғамда шу тудырған осы оқиғаға байланысты келеңсіздікке жол бергендер қызметінен кетті. Тергеу процесі кезінде Қызылордада оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген 8 күдікті қамалды. Кейінірек оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеуге қатысты 13 адам анықталды. Ал 11 қараша күні оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеген бір айыпталушыға үкім шықты.