Қызылордада жиырма шақты тұрғын қымбат көліктерінен айырылып қаламыз деп алаңдап жүр. Себебі олардың автокөліктері бірнеше адамның қолынан өтіп, алаяқтық жолмен сатылғаны анықталды. Азаматтар өздерінің әділдік таба алмай жүргендерін айтады.
Гүлімшат Еркін армандаған көлігін алу үшін банктен несие рәсімдеп, сатушыға 12 миллион теңге төлеген. Бірақ көп ұзамай оның көлігі «Сұңқар авто» автосалоны иелерінің алаяқтық әрекетіне байланысты мәселеге іліккен.
«Қалалық ішкі істер басқармасынан хабарласып, көлігіміздің шанақ нөмірін тексереміз деп айып тұрағына қойды. Көліктің алғашқы иесі оны «Сұңқар автоға» өткізген, кейін салон иесі тағы біреуге сатқан, ал мен үшінші қолдан сатып алдым. Заң жүзінде бәрі дұрыс еді… Төрт айдан бері көлігім айып тұрағында тұр», – дейді ол.
Алаяқтық жасаған автосалон иелері сотталып кеткенімен, олар көліктерді басқа адамдарға сатып үлгерген. Ал адал сатып алған тұрғындар сот шешімімен көлікті бастапқы иелеріне қайтарып беруі тиіс. Соның кесірінен үшінші тараптағы жиырма шақты адам көліксіз әрі ақшасыз қалуы мүмкін.
«Біз көлікті несиеге алдық немесе жылдар бойы жинаған ақшамызға сатып алдық. Енді оны біреуге не үшін беріп қоюымыз керек?», – дейді жәбірленушілердің бірі Гүлсара Игенова.
Қазіргі уақытта үкім әлі заңды күшіне енбеген. Сот өкілдері азаматтық сотта істі қайта қарауға мүмкіндік бар екенін айтты.
«Қылмыстық кодекстің 414-бабы, 3-бөлігіне сәйкес, тараптар болып табылмайтын тұлғалар да сот актісіне шағымдана алады», – деді Қызылорда қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.
Проблема шешілмей тұрған шақта көліктер айып тұрағында, ал тұрғындар әлі де несиелерін төлеп жатыр. Олар әділдік іздеп жоғарғы сотқа шағымданбақ.