Нұр-Сұлтан
Қазір
-7
Ертең
-12
USD
499
+3.47
EUR
520
-0.93
RUB
4.85
-0.06

Қызмет пен ақшаны ойлап басы қатып жүргендерде қайдағы биіктік?

109

Жұмабек Тәшенев ақсақалды айтамын-ау, Желтоқсан оқиғасына бір ай қалғанда дүниеден озыпты жарықтық. Бар болғаны 71 жасында…  71 деген жас па еді, Жұмабектей шын асылға…

Бір айдан соң… Кеңестік жүйеге қарсы мыңдаған жас “Тәшенев” бас көтеретінін көрмей кетті…

Қайтқан адамның руxы қырық күнде тәнінен ажырайды деуші еді.

Сол кісінің жер бетінде қалықтаған руxы ма екен, жасып қалған ұлттың жігерін жебеп, өзі шексіз сүйіп, адал қызмет етіп кеткен қазағының алдындағы соңғы миссиясын “жан ұшыра” орындап кеткен… Кім біліпті… 

Ал қазір бір жас тұлғалар лауазымды орынға келсе, іштей қуанып жүресің: “әй, неде болса, қазақтың жас “Тәшеневтер” осылар шығар” деп.

Дем берейік деп жақсы ісін қорисың… Жаман сөз естісең де, жамандыққа қимай, жақсыға жорисың… Сөйтсең, оның қодыққа мінген жай ғана қортық болып шығады. Ақша жейді, қиянат жасайды, өсек айтады, қазақтың басынан сипаудың орнына, маңдайынан аямай тебеді.

“Анау мені сынады, оның отбасын асырап отырған жобасына ақша бермей қойыңдар, аш жүрсін, көрейік, ол сорлының бейшара күйге түскенін” деп іштей масаттанады солардың біреуі.

“Мынау бізді көп сынап кетті, ол “шантажисттің” сазайын тартқызып, жұмыссыз қалдырайық. Бойындағы таланты мен шексіз білімін базарға барып дорбаға өткізсін ” деп қарқ-қарқ күледі екіншісі.

” Мынандай жұмақ өмірге риза болмай жүрген анау сынағыш псиxопат не псиxопатканы отбасы арқылы былай қыссақ ше? (Билікті сынағандардың бәрі псиxопат олар үшін) Әнеу бір интеллектуал пәленбайдың еңбегін өзіміз пайдаланып, етін өзіміз жеп, сүйегін сылып соған лақтырып, өзімізге бағынышты қылайық. Ол сорлыға сол жетеді”,- деп “гениальный” ой қосады үшіншісі…

Нағыз “Тәшеновтер” болса: 

“Анау неге ашынып кетті… Неге осы күйге түсті? Осы күйге түсірген кім? Мынау неге жылап жүр? Ал анау неге шаршап жүр? Тіпті шантажист болған күннің өзінде, мұны мұндайға түсірген жоқтық па екен, тоқтықтан бүйтпес. Қой, осы қазақтың бір азаматын жаман жолдан сақтап қалайықшы.

Анау бір мықтыны қолдап жіберейік, ұлтқа қызмет етсін. Қазақтың игі жақсы жастары сабылып кетті ғой” деп, шақырып алып, басынан сипап, жанарынан төгілген жасты қолымен сүртіп, жол нұсқаушы еді…

Бұл боркеміктер биліктің буына мас болғаны соншалық, көздерін шел басты. Қазақты танудан қалды… Олардың ең “аяулы” мақсаты – биліктегі “тяжеловестерге” қызмет етсе болғаны…

Қызмет пен ақшаны ойлап басы қатып жүргендерде қайдағы биіктік? Қайдағы парасат? Тәшеневтен садаға кетіңдер!

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз