Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
5
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Қыздар! Өздерің емес, өздеріңді сүйгенге тиіңдер!

432

Оны сүйетінімді сөзбен жеткізе алмайтынмын. Ол жігіт менімен анда-санда кездесуге келетін, онда да оны мен өзім көргім келіп шақыратынмын. (Ұят-ай!). Оның түрін бір көріп алсам, осының өзі маған біраз уақытқа жететін. Сосын оны ойлап, елестетіп жүретінмін. Күнде кездесу мүмкін емес, өзі кездесуге шақырмайтын. Ыңғайсыздансам да, ара-тұра тағы өзім кездесуге шақыратынмын. Сағынып кететінмін.

Дәл осындай сезім, дәл осындай сағыныш менде одан кейін ешқашан болмаған шығар! Бұл менің балалық пәк, адал махаббат сезімімнің бірі еді.

Менің бар арманым сол жігітке тұрмысқа шығу еді. Тіпті өзім армандаған оқуға түспей, сол оқитын жерге соны көру үшін түскен едім. Бұл да оны күнде көруіме себеп болды. Күн сайын оны көргеніме бақытты едім! Оның маған деген шын көңілін байқамай қалдым. Мүмкін, ол менің жақсы көретінімді сезіп, көңілімді қимаған да болар….

Сөйтіп жүріп, менің одан аяғым ауыр болып қалды. Менде бірақ өкініш болған жоқ. Жақсы көрсең, сол екен…. Бізге үйленуге тура келді. Үйлендік.

Бір жаманы, мен оған уйленіп, бірге тұрсақ та, ойымда бір күдік тұратын. Оның мені шын сүймегені жаныма бататын.

Бұрын ойлайтынмын, өзім сүйсем, қасымда жүрсе болды деп. Бірақ семья болған соң, ол жарамайды екен.

Үйлену оңай, үй болу қиын екен. Түсінбеушілік кейін басталды. Уақыт өте келе ол жасырын қыз-қырқынмен хабарласатын. Бірін сезсем, бірін жасыратын. Мен оны қатты қызғанатынмын. Уайымым да, қайғым да сол еді. Уақыт өте берді…

Бір емес, 3 баламыз бар еді. Бірақ сол уақыттың ішінде мен одан өзіме қатысты жылы сөз естімедім. Өзіме деген өзімдікіндей сезім байқамадым. Тек маған жаны ашитынын ғана сезетінмін.

Тағы бірде тағы бір күдік пайда боды. Бұл күдігім рас болып шықты. Оның басқа әйелмен кездесуі… Мен оны сезіп қойдым, ол мойындады. Мойындаған соң ажырасуды сұрады. Кетем деп шықты. Ең жаманы жай ғана кетем деген жоқ, ойындағысының бәрін айтты.

— Сені сүйіп кетем деп ойлағам, бірақ сүйе алмадым. Мен басқаны сүйем және ол менің нағыз махаббатым, деді. Одан да басқа жүрекке ауыр тиетін сөздер айтты. Кей сөздерін тіпті жазуға да жүрексінем… Сол сәтте оған балалар да қызық емес еді. Менің аяғым тағы ауыр еді, сол кезде. Сөмкесін жинап кете берді.

Сол бір кез – мен үшін ең ауыр, ең сұмырай кез еді… Ең жақсы көретін адамыңнан ауыр сөздер естігенде өмірдің еш қызығы болмай кетеді екен.

Бірақ ол ұзаққа кеткен жоқ. Есін жиып, балаларын ойлап келді. Анау әйелін бірақ ұзақ уақыт ұмыта алмай жүрді…

Уақыт емші демекші, бәрі өз орнына келді. Бірақ менің бұрынғы лүпілдеген керемет сезімім орнына келе алмады. Қанша тырыссам да, сол сезімнің орны ойсырап тұр. Кейде сол сәттерімді сағынамын. Бірақ тым кеш. Себебі менің сүйетін адамымның жүрегінде менің орным қаншалықты екені әлі белгісіз. Қатты жақсы көрген өзім кінәлімін.

Сондықтан, қыздар!

Өздерің емес, өздеріңді сүйгенге күйеуге шығыңдар. Себебі — сені біреу жақсы көрсе, ол дүниедегі ең үлкен бақыт!

Сәлеммен, Д. (ШҚО)

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз