Нұр-Сұлтан
Қазір
11
Ертең
10
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Қытайдың төрінде Димаш Адай күйін күмбірлетіп, көрермендерінің делебезесін қоздырды

145

Қытайда “I am singer” байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайберген VII-кезеңде “Дайдидау” әнін шырқаған еді. Халық әнін Димаш өзі оқып жатқан Қазақ ұлттық өнер университетінің халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындап шықты. Осы ансамблді Қытайға бастап барып, әншіге қолдау көрсеткен белгілі күйші, университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Тұрар Әліпбаев өз әсерімен бөлісіп, қытайлардың қазақ әнін қалай қабылдағанын әңгімелеп берді.

“Халық әнін айтатын болғаннан кейін, әрине, халық аспаптарын алып бардық. Оның ішінде домбыра, шертер, жетіген, шаңқобыз, ұрмалы аспаптардан дабыл, қылқобыз, сымқобыз бар. Халық әртісі Майра Ілиясқызы екеуміз жеті өнерпазды бастап бардық. Осы Димашқа өз бағасын берді Оның айтуынша, Димаш өзіне қолдау көрсету үшін Қытайға келген отандастарын көріп, қатты қуанған. “Димаш төбесі көкке жетіп қуанды. Әрине, сағыныш болады ғой”, — дейді Әліпбаев.

Байқау режиссерлерінің нұсқауы бойынша Димашқа әннің алдында кіріспе керек болған. Әнші Құрманғазының “Адай” күйін шертуді ұйғарады.

“Алдымен сахнаға жеке өзі шығып, күй атасы Құрманғазының “Адай” күйін домбырамен ойнайды. Осылай “Адаймен” бастап жіберді. Одан кейін оркестр, музыка қосылып, “Дайдидауды” әнін орындай жөнеледі”, — деді белгілі күйші.

Профессордың атап өтуінше, қытайлық көрермендер қазақтың “Дайдидау” халық әнін керемет қабылдап, Димаштың өнеріне үлкен қошемет көрсетті.

“Керемет болды. Қазір мен тілмен айтып жеткізе алмаймын. Халық аспаптарының сүйемелдеуімен, ұлттық бояумен Димаш тамаша өнер көрсетті. Қазақ әнін сондай толғаныспен, жүрек тебіренісімен орындады. Жоғары дәрежеде айтып шықты. Музыка әлемде біреу ғой, көрермен өте жақсы қабылдап, тұрып қол соқты. Бәріміз тебіреніп, денеміз тітіркеніп, сондай бір керемет сезімде болдық”, – деді Әліпбаев.

Профессор Димаш Құдайбергеннің алда әлі талай асуды бағындыратынына сенімді. Ол дарынды және талапты шәкіртіне үлкен жеңістер тіледі.

“Димаш өзіміздің студент, өзіміздің шәкіртіміз. Болашағынан көп үміт күттіретін өнерпаз. Өзім оған сенемін. Оның жақсы қасиеті — қарапайымдылығы. Өте ақылды жігіт. Қанша танымал болса, өзгеріп кететін адам емес. Болашақта алатын асулары көп”, — деген ойымен бөлісті Тұрар Байдүйсекұлы.

Айта кетсек, Димаш “Дайдидау” әнін шырқайтын кезең эфирге әлі шыққан жоқ, ол 4 cәуір күні көрсетіледі. Ал байқаудың сегізінші кезеңінде әншінің қытайша ән шырқайтыны белгілі болып отыр.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз