Астана әкімі қымбат Мерседесінен түсіп таксиге отырғалы жатыр. Әсет Исекешевпен бірге оның қарамағындағылары да қызметтік көліктен түсіп таксопарк қызметін пайдаланбақшы. Осылайша, шенеуніктер бюджеттің жүздеген миллион теңгесін үнемдемек ойда.
Бұл туралы Ктк хабарлады.
Исекешев былтырдан уәде берсе де, қыркүйек айынан бастап біржола таксимен жүріп-тұрмақ. Әкім мен оның орынбасарлары «Вип» санатына жататындықтан бизнес, ал қалғандары жұмысқа эконом класпен қатынамақ.
Тіпті, босаған темір тұлпардың бірі балалар үйінің қажетіне жарап жүр. Егер елордалық дөкейлердің тәжірбиесі сәтті іске асса, облыстық әкімдіктердің қызметкерлері де жаппай таксиге ауысады.
“Әкімдіктің кез-келген қызметкері жұмыс бабымен таксиді шақырта алады. Кім хабарласты, қызметі, аты-жөні қайда барды бәрін бақылап отырамыз. Сосын, ай соңында мониторинг жасап, көлікті қаншалықты тиімді пайдаланғанын анықтаймыз”, дейді Ғали Исқалиев, Қала регенерациясы басқармасының басшысы.