ҚР Сыртқы істер министрлігі Қырғызстандағы тас көшкіні кезінде қазақстандық азаматтың қаза тапқаны туралы деректі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мерт болған адам – Қазақстан азаматы. Тағы бір адам ауыр халде жатыр», – деді агенттіктің тілшісіне ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.
ҚР СІМ-де мәлім еткендей, қазақстандық тікұшақ туристерді эвакуациялауға дайын, алайда күн бұлтты болғандықтан, оқиға орнына қона алмайды.
«Бәлкім, ертең таңертең бұлт сейілгенде эвакуациялауды бастайтын болармыз , – деді баспасөз қызметінің өкілі.
Еске салайық, Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан Скрябин мұздығының аумағында бір топ туристер тас көшкінінің астында қалып қойған еді.