Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
23
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

Қоянды ауылындағы орта мектептің жабылып қалуы мүмкін

211

Жеке кәсіпкер Нұрлан Қалтаев өз қаржысына ауылда зәулім үй салып, оған балалар үйінің тәрбиеленушілерін көшіріп әкелмек. 10 бөлмелі зәулім үйге қазір қажетті жиһаздар жеткізіліп жатыр. Жақында мұнда 10 жетім бала қоныстанады. Оларды таяуда ғана тағайындалған мектеп директоры өз қамқорлығына алады. Осылайша мектепте бала саны артады. Ал мектеп жұмыс істеп тұрса, ауылдың да келешегі кемел, – дейді кәсіпкер.

Нұрлан Қалтаев, кәсіпкер:

– Бұлар өскеннен кейін мына жақта шеткі көше бар, Талды деген. Сонда бұрыңғы жәрмеңкенің кезінде салынған, кейін салынған тастанды үйлер бар. Төбесі жоқ. Құжаттарын жасап, жөндеп, соларға берсек деген ойымыз бар. Қалаға баратындар болса оларды үйретіп, оқытып, тіпті, болмаса Қарқаралыдағы зооветтехникумға оқытамыз ба деген мақсат бар.

Нұрлан Қалтаевтың Қоянды ауылынан көшіп кеткеніне 30 жылға жуықтапты. Қазір Қарағандыда тұрады, жеке бизнесі бар. Бірақ соған қарамастан аптасына бір рет міндетті түрде туған жерге келіп, топырағына аунап қайтуды дәстүрге айналдырған. Қара шаңырақта бас қосып, ауылдағы ағайынмен ақсап жатқан шаруаларды шешудің жайын талқылайды.

Айтмұхамед Омаров, Нұрлан Қалтаевтың әкесі:

– Әке болғаннан, бала тәрбиелеп жеткізгеннен кейін, сол баланың қызығын көріп, өркендеп, өскенін көру керек қой. Ол енді әкеге байланысты. Бала көргенін істейді, айтқанын істемейді. Өзім еңбекқор болдым, балам да сондай болып өсті.

Елбасының «Туған жерге туыңды тік» деген қанатты сөзін қазық етіп алған кәсіпкер табысының бір бөлігін елдімекенді гүлдендіруге жұмсап келеді. Осыдан бірер жыл бұрын ауылға мешіт салып берсе, жақында балалардың ойын алаңын ашыпты. Қазір бұл жер бүлдіршіндердің сүйікті орнына айналған. Сонымен қатар алма бағын салып, жерлестерімен бірге 100 түп жеміс ағашын екті.

Мейрам Әлжанов, Қоянды ауылының тұрғыны:

– Көшіп кетсе де, жылда келіп, бір жұмысты бастап, оны аяғына дейін жеткізеді. Адамгершілігі мықты жігіт, өтірік айтпайды. Айтқанын істейтін жігіт қой.

Кезінде әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен киелі мекендегі айрандай ұйыған ауылда қазір 100-ге жуық отбасы тұрады. Олардың осында тұрақтап қалуы үшін келешекте тағы бірнеше әлеуметтік жобаларды қолға алмақ ниеті барын айтты кәсіпкер. Ал оның жүзеге асуы уақыттың еншісінде.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз