Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
3
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

«ҚазМұнайГаз» штатының қысқаруы: неліктен жұмысшыларды емес, үздіктерді қысқартуда

742
Данияр Әшімбаев, сурет: radiotochka.kz сайтынан алынды

29 сәуірде «ҚазМұнайГаз» Директорлар кеңесінің отырысында орталық аппараттың жаңа ұйымдық құрылымы бекітілді. Шешім компанияның қаржылық жағдайын тұрақтандыру және жағымсыз нарықтық факторлардың әсерін азайту бойынша іске асырылатын іс-шаралар шеңберінде қабылданды. Осылайша, департаменттер саны үш есеге қысқарды, басқарма төрағасы орынбасарларының бірінің және 22 басқарушы директордың позициялары жойылды.

Ұлттық компанияның штаты туралы бұрыннан бері айтылып келеді. Мұнай-газ алыбының табыстары да күмән туғызады.  Саясаттанушы Данияр Әшімбаев 365info медиапорталығына берген сұхбатында «Қазақстан экономикасына ҚМГ бас кеңсесінің үштен бір бөлігінің қысқаруы әсер ете ме, жоқ па?» деген сұраққа жауап берді.

Сауат Мыңбаев  және Қашаған

— Данияр, қалай ойлайсыз, жүздеген адамдарды жұмыссыз қалдырғанша, топ-менеджерлердің бонусын қысқартқан дұрыс па еді?

— Бірнеше жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» керемет, теңдесі жоқ шетелдік менеджерді жұмысқа қабылдады. Ол ҚМГ компаниясына келгенше, оның ең үздік маман екені туралы ешқандай ақпарат болмады. Ұлттық компанияның қызметкерлерінің айтуынша, бұл менеджерге артында бірнеше нөлі бар доллар жалақы және ай сайын бонустар белгіленген.

Оның компанияның қатардағы жұмысшыларын 40 немесе 50 мың адамға қысқарту туралы ұсынысы ереуілге дейін алып келді. Кейіннен басқа біреу бұл топ-менеджерді жұмыстан шығарса, қысқартуға жіберілетін жұмысшылардың жалақысының орнын толтырады деген пікір білдірді. Бұл ҚМГ-дың тарихындағы жалғыз мысал емес екені анық.

Сауат Мыңбаев басшы болып тұрған кезде,  «ҚазМұнайГаз» компаниясында директорлар кеңесінде де, басқармада да шетелдік менеджерлердің үлесі артып кетті. Олар кімдер, пайдасы қандай деген сұрақтарға ұлттық компания жасап беруге асықпады. Олардың аса үлкен көлемдегі, ақталмаған жалақыларына қатысты да солай. Басқару және одан төмен деңгейлерде де қандай жұмыс атқарып жүргені белгісіз менеджерлер бар.

Бір кездері Қашаған бойынша өнімдерді бөлу туралы келісімге қол қойылды. Қазақстанның үлесі болған жоқ, бірақ ол жобаның өзінен біршама жақсы дивиденттер алып отырды.

Мынбаевтың кезінде Қазақстанның Қашағанда өз үлесі болуы керек деген шешім қабылданды. Мұнай барреліне 100 доллар болған жағдайда өтеп аламыз деген есеппен осы мақсатта кредит алды

Кейіннен кредитті төлей алмайтындары белгілі болды. Менің білуімше, қарызды Ұлттық қордың, «Самұрық-Қазына» және басқа да ұлттық компаниялардың ақшасынан жапты және қазірге дейін жауып келеді. Негізінде бұл «керемет жобаның» өтелімділігі өте төмен.

«ҚазМұнайГаз» керек пе?

— Мәселе ҚМГ-ны басқаруда болды ма, әлде мұнай бағасының жағдайында болды ма?

— Көптеген жылдар бойы ҚМГ бен «Самрұқ-Қазынаға» енгізіліп келген бұл ұжымдық басқарма еш нәтиже бермеді. Егер қашаған жобасы тың серпіліс әкелетін, үздік жоба деп бағаланса, нәтижесі біз күткендей болмады.

Қашаған іске қосылған кезде мұнайдың бағасы жоғары болатын. Бірақ жарылған құбырдың кесірінен жоба  біраз уақытқа тұрақтап қалды. Ал сол уақытта мұнайдың бағасы біржола арзандап кетті.

Егер шетелдіктер мен аты жер жарған қазақстандық менеджерлерді ҚМГ-ның жұмысын жақсарту үшін тартқан болса, ұлттық компанияға олардан келген пайда аз болды.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы қаншалықты керек деген сұрақ туындайды.  Барлық кен өндіруші активтер «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ға жинақталған. Бұл компания өз алдына актив бола алады. Тасымалдаумен айналысатын «ҚазТрансГаз» және «ҚазТрансОйл» да өз-өздерін қаматамасыз ете алады. «ҚазТеңізТрансФлот» бәсекелес ортада жұмыс атқарады. Мұндай компаниялар өте көп, сондықтан оның қажеттілігіне күмән туады.

Қашаған мен Қарашығанақтағы үлес энергетика министрлігінің басқаруындағы PSA компаниясырна берілген. Онда мұнай-газ секторының үстінен қарайтын қондырма ретіндегі ҚазМұнайГаздың қажеттілігі неде? Ұлттық компанияның табысты жобалары жоқ. Негізінен алғанда ол өз алдына жеке жұмыс істей алатын үш негізгі активтердің қызметіне сүйеніп, арамтамақтық жасап отыр.

Дәл осылай «Самұрық-Қазына» қызметі туралы да айтуға болады. «Қазақтелеком», «Қазпошта», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАтомӨндіріс»  қалыпты жұмыс істеп тұр.  «Самұрық-Қазына» тек олардан пайда алып отыр, бірақ ол пайданың да қайда кетіп жатқаны түсініксіз.

Тұңғыш президентті тыңдаған жоқ

— Айтпақшы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» мен ҚМГ-ның өзімен біріктіру талпыныстарынан ешқандай экономикалық пайда жоқ. «ҚМГ БӨ» компаниясының  шетелде бірнеше миллиард доллар депозиті бар, ал бас компания бірнеше жыл бойы оған қол салғысы келіп жүр. Бұл Қашаған жобасы бойынша қарызды жабу үшін керек болған шығар.

Барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлттық қор қаражаты есебінен ағымдағы қарыздарды қаржыландырмау туралы нұсқауларын айналып өту үшін жасалған болатын. Ұлттық компанияның барлық сәтсіздіктерінен кейін үкімет ҚМГ акцияларының 10%-ын Ұлттық Банкке сатты. Қаржы реттеушісіне мұнай компаниясындағы үлестің не қажеті бар екені — түсініксіз.

Компанияның қазіргі басшысы Алик Айдарбаев — тәжірибелі маман, оның жеке өзіне ешқандай сын айта алмаймыз.  Бірақ компания құрылымына қатысты даулы мәселелер көп. Ол Қазақстан экономикасындағы құбыжық секілді болып тұр.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын Shell концерні ҚМГ-мен арадағы ірі келісімнен бас тартып, онысын сыбайлас жемқорлық қатері бар деп түсіндірген еді. Содан бері ешнәрсе өзгерген жоқ. 

— Шетелдік компаниялар жиі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жасайды. Саусақпен көрсеткім келмейді, бірақ түрлі мұнай өндіруші елдерден үлес сатып алу  үшін пара беріледі. Сондықтан мәселенің мәні бұнда емес.

ҚМГ жұмыс атқарғалы бері басы даудан арылмаған.  Ал ҚМГ мен «Самұрық-Қазынада» дені дұрыс аудит жүргізген жоқ

Есеп комитетінің сынына «Самұрық-Қазына» тиісті жауап бермейді. Миллиардтаған активтерді басқаратын мемлекеттік емес холдинг өзінің тиімділігі туралы айтқысы да келмейді. Ақшаны жұтатын алып тесікке айналған ұлттық компания өндіріспен және жаңғыртумен жақсы айналысқаны жөн.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз