Нұр-Сұлтан
Қазір
15
Ертең
2
USD
446
-0.83
EUR
475
-0.80
RUB
4.78
-0.01

Қазақстанның газ экспорты әлеуетін арттыратын стратегиялық нысан іске қосылды

Жаңа қондырғы өнімділікті арттырып, тәулігіне 27 млн текше метрге жеткізбек. Бұл батыс пен оңтүстіктегі қазақстандық тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Әбішұлы, іске қосуға рұқсат етіңіз!», – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ аға вице-президенті Ибулла Сердиев тікелей байланыста.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел үшін бұл өте маңызды жоба екенін, еліміздің өңірлерін газбен қамтамасыз етуде үлкен жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.

«Өндірістеріңіз табысты болсын. Іске қосыңыздар!»,- деді Президент.

Айта кетейік, Индустриаландыру картасы аясында 2016 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы «Бозой» жерасты газ қоймасын жаңғырту жұмыстары мен осы қоймаға газ кептіргіш ірі қондырғы орнату ісі қолға алынған болатын. Аталған екі жобаның құны – 25 млрд теңге. Жиналған көгілдір отынды кептіретін нысанды іске қосу үшін 12 млрд теңге қаржы жұмсалған.

Жалпы, «Бозой» қоймасындағы газды кептіру қондырғысы – осы учаскедегі ең ірі газ кептіру қондырғысы. Оның бір тәуліктегі өнімділігі 27 млн текше метрге жетеді. Бұл құрылғы 6 ай бойы, яғни 150 күн жиналған 3 млрд текше метр газды кептіріп, өндей алады. Ол газдың сапасы халықаралық стандартқа сай болады. Енді оңтүстік облыстардың тұрғындары да осы табиғи отынды пайдалана алады. Одан бөлек Ақтөбе газы шет мемлекеттерге тасымалдана бастады. Қазақ жерінде өндірілген көгілдір отын өткен айдан бері Қытай еліне экспортқа шығарыла бастады.

Көгілді отын тасымалы мен экпорты жағынан еліміз Орталық Азиядағы ірі ойыншы екенін еске алсақ, бұл ретте еліміз үлкен амбициялық мақсаттарға алға қойып, осы бағыттағы жұмыстарды жылдан жылға жандандыра бермек.

Егер бүгіндері Ресейге және Қырғызстанға газ экспорттап отырсақ, енді Қытай мен Өзбекстан нарығын жаулауға да мүмкіндік тууда. Міне, осы жаңа экспорттық бағыттар бойынша газ жеткiзуге қажеттi энергетикалық резерв құруға және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының сенiмдi жұмыс iстеуi үшiн Бозой газ қоймасын модернизациялау маңызды болған.

Осы мақсатта былтыр Еуропа қайта құру және даму банкi мен «ҚазТрансГаз» АҚ өзара келiсiмге келіп, қол қойысты. Банктен алатын қаражаттың бір бөлiгi «Бозой» жерасты газ қоймасының қуатын 4 миллиард текше метрге дейiн ұлғайтып, оның қауiпсiз және үздiксiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету үшiн қойманы жаңғыртуға жұмсалды.

«Бозой» газ қоймасы тұрақты газбен қамтамасыз ету үшiн қажет. Өйткенi қыста газ тұтыну бiрнеше есе жоғары. Кеңес одағынан мұра болып қалған бұл газ қоймасының қуатын 4 миллиард текше метрге ұлғайтуға мүмкiндiк бар деп бағаланған еді сол кезде. Міне, осыны жүзеге асыратын күн де туды.

Соның арқасында биыл Қытайға газды экспорттауды да бастап кеткен едік.

Негізінен, Ұлттық газ операторы «ҚазТрансГаз» АҚ рекордтық мерзім­де елдің барлық магистральды газ құбыр­ларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне біріктіріп, негізгі газ желілерін әртараптандыруға мүмкіндік беретін жобаларды іске асырды. Қуатты газкомпрессорлық және сығымдау стансалары – «Бозой», «Қараөзек», «Ақыртөбе» пайдалануға берілді, «Бозой» жерасты газ қоймасы реконс­трукцияланды, Ақтөбе облысында газды құрғату мен тазалауға арналған ірі кешен пайдалануға берілді.

Тағы айта кетерлігі, Қазақстан мен Өзбекстанның арасында табиғи газды тасымалдау және транзиттеу саласындағы өзара тиімді ынты­мақ­тастық туралы үкіметаралық келі­сімге қол қойылған. Ташкентте жасалған шартқа сәйкес, өзбек­стандық газ тасымалдау жүйесі арқылы Қазақстанның оңтүстігіне батыс кен орындарында өндірілген табиғи газ тасымалданатын болады. Осылайша, «Газли – Шымкент» магистральды газ құбырымен келетін қосымша газ көлемі қыс мезгілінде еліміздің оңтүстік өңірлерін көгілдір отынмен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстандық газды Қытайға экспорттауға «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГҚ және «Орта­лық Азия – Қытай» транс­ұлт­тық газ құбы­рының ресурстары пайдаланылады. Міне, осындай стратегиялық энергетика маршрутының еш кедергісіз жұмыс істеуінде бүгін Елбасының бұйрығымен іске қосылған Ақтөбе облысындағы «Бозой» қоймасындағы газды кептіру қондырғысының рөлі зор екенін баса айта кетелік.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз