Қазақстандық боксшы, жастар арасында әлем чемпионы атағына ие Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокстағы қадамын сәтті бастады. Канаданың Квебек қаласында өткен бокс кешінде қарсыласын 31 секундта жеңіп шықты.
Vesti.kz сайтының мәліметіне қарағанда, Садриддин бірінші орта салмақта мексикалық боксшы Тони Баррераспен жұдырықтасты. Бастапқыда Вальдо Рохас есімді боксшымен кездесуі керек болған. Кейіннен қарсыласы ауысқан болатын. Қазақстандық боксшыға қарсыласын жеңу үшін 31 секундтың өзі жеткілікті болды.
Квебектегі бокс кешінде Нұрзат Сабыров та шаршы алаңға шықты. Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасқан отандасымыз чех боксшысы Станислав Эшнерді төртінші раундта нокаутпен жеңді. Бұл – қазақстандық боксшының кәсіпқой бокстағы бесінші жеңісі. Барлық қарсыластарын уақытынан бұрын жеңіп келеді.