Нұр-Сұлтан
Қазір
7
Ертең
18
USD
440
-0.03
EUR
474
+0.23
RUB
4.76
-0.06

Қазақстандағы тасжолдардың 27 пайызы ақылы болады

Астана-Щучье – еліміздегі алғашқы ақылы жол. Төрт жыл бұрын бұл бағытпен қатынау қиямет еді, ал қазір көлік иелері оның рақатын көріп жүр. Көкшенің кереметіне апарар учаскемен жүруден алынатын ақы бірден бюджетке түседі. Тасжолдың кейбір шұрық-тесігі осы қаражат есебінен бүтінделеді. Елорда-Бурабай тасжолының тарифтеріне тоқталсақ. Екі ортада әрлі-берлі көлікпен қатынайтындар шақырымына 1 теңге төлейді.

Астанадан Щучьеге дейін 211 шақырым. Бұл қашықтық үшін жеңіл көлік иелері 200, автобус жүргізушілері 2100-ден 3100 теңгеге дейін, ал жүк көліктерін тізгіндегендер 4200-ден 5200 теңгеге дейін жолақысын беруі міндетті.

“Мынадай жолда жүру бір ғанибет. Тозығы жеткен учаскелерді бірден қалпына келтіріп жатады. Ол үшін ақша төлеу де артық етпейді. Ақшасын төлегеніне сай, сапасы болу керек. Сапасы жақсы болса, халық ренжімейді”, – дейді көлік жүргізушілері.

Келер жылы Қазақстанда тағы екі күре жолмен жүру үшін ақы алынады. Бұл – Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай бағыттары. Бұдан бөлек 5400 шақырым жолды ақылы қылу үшін қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Олардың құрылысы 2018 жылы басталады. Ол үшін Еуразиялық даму банкінен қарыз алып, инвесторлар тартамыз.

“Біз ақылы жолдарды енгізу бойынша сәуір айында инвесторлармен кездестік. Олардың арасында неміс, түрік, Ресей компаниялары бар. Жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру мүмкіндігін де қарастырдық. Жалпы ақы алу жүйесі көптеген өркениетті елдерде енгізілген. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жүйенің арқасында жол-көлік оқиғаларының саны біршама азайған. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында еліміздегі тасжолдардың 27 пайызы 2019 жылдан ақылы болады. Бұл – шамамен 6 мың шақырым. Осылайша күре жолдың күрмеуі шешілмек”, – дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Рустам Исаев.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз