Одақтас мемлекеттерден береке кетіп, халық толқып жатқанда Қазақстан Үкіметіне қамсыз отыруға болмайды. Мұндайда халықтың көңілін аударатын бір амал керек. Сондай ұтымды амалдың бірі – қазақша білмейтін министрлерді жұмыстан қуу.
Бұл туралы саясаттанушы Әзімбай Ғали kaz.365info.kz медиа порталына Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше елдерде болып жатқан оқиғаға қатысты білдірген пікірінде мәлім етті.
– Санкция шылбыры мойнына ілінген Ресей жылдан-жылға булығып барады. Ақша тапшы, үнемдеуге тура келіп жатыр. Ал қысылған халық көшеге шықпағанда қайтеді? Ресей халқы бірер жыл бұрын көшеге шығуы тиіс еді. Бірақ Владимир Путин халықты алдайтын ұтымды саяси технологияны қолға алды. „Орыстар мықты, Ресей – жаулаушы ел, одан бәрі қорқады„ деген империялық ұлтшыл саясатты ұстанып, Қырымға да, Сирияға да шапты. Бірақ жалғандықтың да әсері бітті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көтеріліс бүкілресейлік сипатқа ұласты.
Демек, жағдай қиын. Оның бізге қарай ойыса салуы да әбден ықтимал. Ендеше Үкімет мұндайда бір амал қолдануы керек. Қазір лингваұлттық саясатты жандандыру қажет.
Халықты ұлттық мәселемен ғана тізгіндей аласың.
Оны Ресей жақсы көрсетіп берді, олар бұл тәсілге жүгінді де.
Мәселен, қазақша білмейтін екі-үш министрді жұмыстан қуып, басқасына ескерту жасаса, халық мәз болады.
Халыққа керегі сол. Бірақ оны Үкіметтегілер білмейді. Өйткені олардың өзі қазақшадан жұрдай ғой. Содан кейін олар қазаққа не керек екенін білмейді.
Сондай-ақ Әзімбай Ғали Беларусь Республикасы мен Қырғыз елінде болып жатқан оқиғаларға да баға берді.
– Беларусь жылда Ресейден 3 млрд доллар алатын, биыл сол ақшаны ала алмай қалды. Өйткені ақша Ресейдің өзіне де жетпей жатыр. Содан соң Лукашенко арамтамақтарға қарсы деген заң қабылдап, салық енгізді. Бір сөзбен айтқанда, жұмыссыздар салық төлеуі болды. Онсыз да жұмыс таппай қаны қарайып отырған халықтың қитығына бұл қатты тиіп кетті.
Ал Қырғыз еліндегі жағдай президенттік сайлау алдындағы дүрбелең.
Қалай дегенмен де Еуразиялық экономикалық кеңістіктегі барлық елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Сондықтан Үкіметтің ойланбай қабылдай салған кез-келген шешімі халықтың жынына тие кетуде. Ондай жайт бізде де болды.
Жер туралы, уақытша тіркеу, автокресло және тағы басқа заңдар.
Бастысы, барлығымыздың жанымызға бататын ортақ мәселе бар. Ол – жүйеге тереңнен тамыр жайған сыбайлас жемқорлық, – дейді саясаттанушы.