Нұр-Сұлтан
Қазір
4
Ертең
-2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

«Қазақфильм» неге дүрлікті?

Осыдан біраз жыл бұрын бір шаруамен келгенде студияның сұры қашып кеткендігіне жанымыз ауырып қайтқан еді, бүгін де сол көрніс алдымыздан шыққанда  «әттең-ай» деген сөз  тағы да көмейімізге  кептеле кетті.

Ғимараттың сыртқы көрнісі де көзі бар адам көретіндей ескіріп, сонау кеңес дәуірінен бері құрылысшының қолын көрмегенін аңғартып тұр.  Бұл басқа тақырыпқа  түрткі болатын мәселе  десек, біздің мұнда келудегі ең басты мақсатымыз  жер дауына байланысты  болғандықтан, көп  жәйттарға көңіл аудара қойған жоқпыз.  Сонда да болса, мұндағы көңілсіз жағдайларды баспасөз өкілдерінің байқағаны анық. Сонымен «Қазақфильм» ұжымының дүргігуіне  бұл жолы не себеп болды екен?

Мәселенің мәнісіне үңілсек,  өткен жылдың  қыркүйек айында Елбасының қатысуымен өткен жиында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  студияның аумағынан этноауыл салу мәселесі көтерілген болатын. Оған киностудияның басшылары да екі қолын көтеріп келісім  бергені белгілі. Ол үшін студияға тиесілі жер телімінен 5,5 гектар  жер  телімі еліміздің өткені мен бүгінгі тарихын келешек ұрпаққа жеткізер сол этноауылды салу үшін  «Қазақфильм» АҚ-на қырық тоғыз жылға жалға алып отырған жер телімінен алынуы тиіс болды. Даудың басы осы 5,5 гектар жерден шыққаны анық… Әуел баста  этноауыл салуға,  оны бірлесіп пайдалануға келісім берген АҚ басшылары аяқ асты бұл пікірлерінен айнып шығып, «әкімдік жерімізді тартып алғалы жатыр, жер қатынастарына байланысты заң талаптарын бұзды» дегенді желеу етіп, сотқа арызданған. Бірақ  заң орындары  киногерлеріміздің бұл талабының орынсыз екендігін  екі рет дәлелдеп, жер мемлекеттікі болғандықтан, оны қажеттілікке орай кез келген уақытта  өз пайдасына алуына  болатындығын дәлелдеп берген. Дейтұрғанмен, қорыққан бірінші жұдырықтайдының кебін келтіріп отырған  қазақфильмдік басшылар  әкімдікке алғашқыда берген уәделерінен тайқып шығып, байбалам салып отыр.   Байбаламның байыбына барсақ, «Қазақфильм» АҚ басшылығы әкімдіктің түпкі мақсатына ой бойлата алмаған сыңайлы.   Болмаса,  баспасөз мәслихатынан дүрлігіп, байбалам салатындай себеп таба алмадық.  Егерде  киностудия аумағынан ұлтымыздың бүкіл болмысын ашар этноауыл бой көтерсе, оны ортақ игілікке   неге пайдаланбасқа?   Дайын дүниені болашақта түсірілетін киноларымызға неге пайдаланбасқа дейсің ?

Қазірдің өзінде мұнда жасалған  «Қазақ  хандығы» киносының және биылғы жылы түсірілім жоспарланып отырған «Томирис» фильмі үшін жасалған декорациялар сол этноауылға сұранып тұрғаны дүниелер екені анық. «Қала әкімдігі жерімізді тартып алғалы жатыр» деп байбалам салғандарымен,  Қазақстан Киномотографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов мырза қала әкімдігі тарапынан кино өнеріне ұдайы қолдау көрсетіліп отыратындығын жасырмады.

Киногерлер ұжымы жетекшісі сөзінің жаны бар,  шын мәнінде қала әкімдігі «Алмас қылыш» киносын түсіру үшін  демеушілер арқылы 200 миллион теңге көлемінде  қаражат қарастырып бергенін киноға жанашыр жұрт білер деген ойдамыз. Ал енді осы қамқорлықты мойындай тұра, студия басшылары  су жоқ жерден су шығарып, су ішінде тұрған қамысты өртке шалдырғаннан гөрі, ұлт үшін ортақ дүниені бірлесіп жасау жолында мәмілеге келер деген үміттеміз. Қашанда «келісіп піскен тонның келте болмайтындығын» халық пәлсапасы жоққа шығармайды.

Нұржамал БАЙСАҚАЛ,
Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз