Нұр-Сұлтан
Қазір
23
Ертең
16
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Қазақбай Қасымов: “Ассамблея мүшелері Қазақстанды рухани жаңғыртуға атсалысады” 

244

 «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбыптың аясында өткен кезекті сессияда егемен елдің саяси-экономикалық, мəдени-рухани өміріне серпіліс әкелуге тиісті мәселелер қамтылған еді. 

Мемлекет басшысы Ассамблея қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеру қажеттігін қадап айтқан. 

Өз тарапымнан былай деп сеніммен айта аламын:

Қазақстан халқы Ассамблеясы рухани жаңғыруға белсене атсыласады. Бұл тараптағы жұмыстарды қазірден бастап қолға алып жатырмыз. 

Айталық, “Туған жер” жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашуда. Аталған жоба  Ассамблея мүшелеріне өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді деген сенімдемін. 

Екіншіден. Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасына қазірден бастап, әрбір Ассамблея мүшесі тікелей қатысып, осы жобаның басы-қасында жүргені абзал. Неге дейсіз бе? Себебі,

ел игілігі жолында, ел болашағы жолында риязсыз еңбек етіп жүрген Ассамблея мүшелері көп. Өте көп. 

Бәлкім, осы күнге дейін олардың аты аталмай келген шығар. Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған “100 жаңа есім” жобасы Ассемблея қатарында осындай азаматтарды елге танытуға жол ашады деген сенімдемін. 

Ең бастысы, ұлтына және қай өңірден шыққанына қарамастан, біз олардың барлығын халыққа таныта білуіміз керек. 

Ассамблея алдындағы ендігі мақсат жүктелген міндеттерді жүйелі іске асырудың жолдарын табу. 

Байқайсыздар ма? 

Мен білсем, Елбасының “Егеменде” жарық көрген мақаласынан кейін бір өзгеріс болды. Анығы, сілкініс, серпіліс. Сең қозғалды. 

Неге? Себебі Мемлекет басшысы көпшілігіміздің көкейімізде жүрген арман-мақсаттың үстінен дөп түсті. Мұным, артық айтқандық емес. 

Елбасы бәрін айтты. Дінді айтты, ділді айтты, тілді айтты. Бәрін қамтыды. Тоқ етерін айтсам, егемен елге қажетті дүниенің бәрін түгендеді. Ертеңгі күнге нақты жоспар жасалды. 

Ілгеріде  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында “Туған жер” бағдарламасының орны ерекше екенін айттым. Неге? Мұны тағы да бір түсіндіре кетейін. 

Білсем, бұл бағдарлама бір күннің емес, ұзақ жылдарға созылатын жоба болуы тиіс. Абаттандыру мен өлкетану жұмыстары, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру шараларын қазірден бастап қолға алу қажет.  Қазірден кешікпеуіміз керек. Әйтпесе, ертең кеш болады. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының әрбір мүшесі Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған мін­деттер мен тапсырмаларды ертеңге қалдыр­май, бүгіннен бастап, жабыла орындауға тиіспіз. Неге десеңіз, бұл әлемдегі ең дамыған 30 елдің қата­рына кіруге бірден-бір кепіл.

Осы мақаладағы Елбасының мына бір сөзі ерекше әсер етті. 

«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі – орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қыр­қасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлке­нің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзент­тері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Осы мақалада айтылған осы жолдар­дан-ақ Назарбаевтың туған жерге деген зор махаб­баты мен ыстық ықыласын аңғаруға болады.

Ендеше, Ассамблея мүшелеріне не тұрыс? Қолдаймыз. Қуаттаймыз, әрине.

 

Бірлікті бағалай білейік

Елімізде ынтымақ мен тұрақтылық кімнің және ненің арқасында сақталып тұр? Бұл, бірінші кезекте, бұл – Мемлекет басшысының ұлт пен ұлысты ұйыстыра білген сарабдал да салиқалы саясатының жемісі деп білемін. 

Ал екіншіден, қазақ халқының бауырмалдығы мен мәрттігінің арқасы. 

Анығында, бұл баға жетпес байлық. Қазақстан халықтарының достығы тұрақтылықтың ең бірінші кезектегі кепілі. Мұнсыз мемлекеттің гүлденуі де болмайды.

Мемлекетіміздің қазіргі шыққан белесінде, әлем елдері алдындағы абыройының өсуінде, даусыз, өзге ұлт өкілдерінің де үлесі зор.

Мұны Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі:

«Біздің тәуелсіздігіміздің тарихы – бұл барлық этностар достығының жылнамасы. Біздің елімізді өркендетуге Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностық топтардың өкілдері атсалысып келеді», – деп атап өткен болатын. 

Мұның дәлелін күнделікті өмірде көріп жүрміз. Қазақстан халқы Ассемблеясының өткені мен бүгінін сараласақ, ұйымның ел ішіндегі абыройы, маңызы мен рөлі артып келеді. 

 

Бұл да өзекті мәселе 

Естіген шығарсыздар, әрбір өңірде орналасқан Ассамблея жетекшілерінің қызметі облыс әкімінің орынбасары қызметімен теңестірілуі жоспарланып жатыр. Сондай-ақ,

адам саны аз шағын ауыл-аймақ әкімдік аппараттарында қоғамдық келісім сұрақтарына жауапты маман тағайындалмақ екен. 

Бұл да өзекті мәселе, анығында. Дер кезінде қолға алынған бастама деп білемін. 

Әзіргі күні айтылған жаңашылдықтың барлығы жоба ретінде үкіметке тапсырылды. Ассамблея Қазақстандағы халықтар достығының, ал халықтар достығы тұрақтылықтың түп қазығы. Егер бұл жобалар қабылданар болса, Ассамблеяға жүктелер жауапкершілік те артатыны анық. Сондықтан осы салада аянбай қызмет атқару қажет.

Ынтымақ мен татулық туралы тағы бір сөз

«НұрОтан» партиясының кезекті съезінде Мемлекет басшысы Мәңгілік ел болып мәңгі қалудың, үздіксіз ілгерілеудің  5 реформасын ұсынған еді. Осы 5 реформаның ішінде Төртінші реформаны Қазақстан халқы Ассамблеясына нақты қатысы бар тармақ деп білемін. 

Төртінші реформа – біртектілік пен бірлік, яғни, бірыңғай болашақ ұлтын қалыптастыру.

Анығында, әлемде небір бұлқыныстар мен сілкіністер орын алып жатқан, қазіргі уақытта ұлттық ынтымақ пен қоғамдық келісімді сақтау ерекше маңызға ие. Бұл да саясат және өте маңызды саясат. 

Ортақ отаны – Қазақстан болған барша ұлт пен ұлыс өкілдері осы реформа негізінде ынтымақ пен жарасымдықтарын одан сайын берік ете түсері айдай анық.

 Мемлекет басшысының өз сөзімен айтсақ:

«Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланатын, бірдей жауапкершілік жүгін арқалайтын және тең мүмкіндіктерді иеленетін болады».

Қазіргі күні осы мақсатта Ассамблея мүшелері ұлттар мен ұлыстар арасында түрлі жіктелулерге жол бермейтін ортақ, біртұтас ұлттық идеологияны насихаттауға қатысты тығыз жұмыстар атқарып жатыр.

Тоқ етерін айтсам, қазіргі мақсат  – елдің бірлігі сақтау. Неге дейсіз бе? Себебі,  бірлік болмаған жерде тірлік болмайды.

Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде береке болмайды.

Елбасымыз Н.Назарбаев бір сөзінде

«Ғасырлар күтіп, әзер қол жеткен азаттықтан айырылып қалмау үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтау білу керек», –  деген еді .

Осыны ұмытпайық. 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз