Елордадағы мал базарында тоқтыны 35-40 мың теңгеге сатып алуға болатын болса, одан ірілері 65 мыңға дейін барады.
Сойылған малдың терілері мен ішек-қарындарын сол жерге тастап кетіп жатады. Қоқысқа тасталған ішек-қарындарды бір топ жігіттер тазалап, арнайы орындарға өткізетіндерін айтты.
“Енді, көп адамдар бұндай жұмыс істеуге намыстанады ғой. Алайда бұл – өте тиімді кәсіп. Мысалы, құрбандық шалған адамдар мына ішектерді лақтырып тастайды. Біз соның бәрін тазартамыз да, буып-түйіп, шетелге жібереміз. Ол жақта кетгут, яғни медициналық жіп жасайды. Онымен хирургтар адамның ішкі ағзаларын тігеді, артынан кетгут өзі таралып кетеді. Бұдан бөлек, ішектен шұжықтың сыртын орайтын материалдар жасалады”, – дейді қазақтың бір жігіті.
Мал базарында шетелдіктер де жүр. Олар қойды қасапшыға тапсырғаннан кейін құрбандықты қалай шалып жатқанын шетелде отырған ата-анасына және балаларына ұялы телефон арқылы көрсетеді екен.