Нұр-Сұлтан
Қазір
19
Ертең
23
USD
448
-1.49
EUR
478
-0.38
RUB
4.76
0.00

Қазақ баласы мұнаймен ластанған су көздерін тазартудың жолын тапты

504

Қазір былайғы жұрт әнші, әртіс болмаса ғылым саласында үлкен істі қолға алып, елімізді өркендетуге үлесін қосып жүрген жастарды біле бермейді. Бірақ мұндай майталман жастарымыз бар. Алдымен жас ғалым – Кеңес Құдайбергеновті «100 жаңа есім» жобасына қандай ісі арқылы лайық көргенімізді айтсақ. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, PhD доктор мұнаймен ластанған су көздерін тазартатын технология ойлап тауып, ғылыми ортаның назарын өзіне аударғанына біраз жылдың жүзі болды.  

Ғылым саласына құлаш ұрған азамат қазір ҚазҰУ-дің химия факультеті, химиялық физика және материалтану кафедрасында еңбек етуде. Біз Кеңестен суға төгілген мұнай мен мұнай өнімдерінен тазартатын сорбентті қалай ойлап тапқанын, ең қызығы ол судағы мұнайды сорып алатын сорбентті кәдімгі күріш қауызынан жасайтынын білгенде көкеймізде көптеген сұрақтар туды.

Біздер сансыз сауалдарға жауап тапқанша асықтық. Ғылыми жұмыстың құпиясын білуге асығып, жас ғалымнан мұның сырын сұрағанымызда былайша жауап берді:  

– Бұл іспен докторантурада оқып жүргенде шындап айналыстым. Әрине, тақыр жерде ештеңе пайда болмайды. Жалпы сорбентпмен жұмыс істеуді студент кезімнен бастаған едім. Сорбенттер әдетте әр түрлі және сұйық немесе газ тәрізді заттарды өз бойына сіңіріп алады.

Мен дайындаған сорбент күріш қауызынан, яғни, ауылшаруашылығы дақылының қалдығынан жасалынады. Әдетте мұнайға арналған сорбенттерді дайындауда ғалымдар өнімді әзірлейтін шикізат қорының мол, арзан болуына және мұнайды бойына сіңіретін қасиетінің жоғары болуына айрықша мән береді.

Ал күріш қауызының осындай қасиеті бар екенін ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізгенде білдік. Қажетті сорбент алу үшін күріш қауызын зертханалық жағдайда термиялық және химиялық өңдеуден өткізіп алу қажет. Осыдан кейін күріш қауызы көміртектенген сорбентке айналады.

Су бетінде қалқыған мұнайға зертханалық жолмен алынған сорбентті сеуіп, суды мұнайдан тазартуға болады. Біздер күріш қауызынан жасалған сорбентті сынақтан өткізгенде 1 грамм сорбент 15-18 грамм мұнайды бойына сіңіріп, суды жақсы тазартатынына көз жеткіздік. Осылайша сорбентіміз өзінің тиімділігін көрсетті. Ал шикізатты өңдемеген жағдайда, яғни, таза күріш қауызының 1 граммы су бетіндегі мұнайдың 1-2 грамын ғана бойына сіңіретінін байқадық. Күріш қауызы шемішкенің сыртқы қабығы сияқты қатты. Ал оны термиялық өңдеуден өткізгеннен кейін шикізат кристалдық фазадан аморфты фазаға ауысып, сорбциялық қасиеті жоғары сорбентке айналады. Оның сорбциялық қасиетінің жоғарылауы күріш қауызында күрделі өңдеуден кейін көп мөлшерде макрокеуектердің пайда болуымен түсіндіруге болады.

Осы макрокеуектердің көмегімен суға төгілген мұнайды бойына сіңіріп, ластанған суларды тазартатын мүмкіндікке ие болады, – деп жас ғалым еліміз үшін экологиялық мәні ғылыми жұмысын рет-ретімен түсіндіріп берді.

Қазіргі таңда Қазақстанда суға төгілген мұнай мен мұнай өнімдерін тазарту маңызды мәселе екені белгілі. Суды тазартатын жеңіл және арзан өнімді шығарудың маңызы зор екенін түсінеміз.

Қазақстан мұнай өндіретін негізгі елдердің бірі болғандықтан қара алтынды өндіру, тасымалдау барысында қоршаған ортаға біршама залал келетіні жасырын емес. Кейде мұнай суға, жерге төгіліп, экологиялық мәселелер асқынып жатады. Мұндайда қоршаған ортаны Кеңес Құдайбергеновтың ойлап тапқан сорбентпен тазартуға болады.

Еліміздің экологиялық ахуалын реттеуге бел буып, білек сыбана кіріскен жас ғалым әңгіме барысында қоршаған ортаға жайылған мұнайды жоюдың бірнеше тәсілі бар екенін де тілге тиек етті. Оның айтуынша мұнаймен ластанған жерлерді термиялық, механикалық, биологиялық, физика-химиялық әдіспен залалсыздандыратынын білдік. Кеңестің ойлап тапқан технологиясы физика-химиялық әдіске, оның ішінде адсорбция тәсілге жатады екен.

Қазақ топырағында қалыптасқан ғылыми үрдісті жалғап жүрген Кеңес бауырымыз еліміздегі мұнай компаниялары экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған ғылыми жобаларға тиісінше көңіл бөлмейтінін де айтып ақлды. Оның ойынша, мұнай алпауыттарын қара алтынды көп өндіруге бағытталған ғылыми жобалар қызықтырады екен.

Әңгіме барысында жас ғалым өзге елдерде жасалған кейбір сорбенттер бойына мұнайды жақсы сіңіргенімен су түбіне батып, бірқатар қиындықтар туғызатынын да айтты. Ал отандық сорбент суға батпайды.

Өйткені күріш қауызы өте жеңіл. Осы ретте Кеңеске көмеймізге келген «Мұнайды бойына сіңірген сорбенттерді жинап алып, кәдеге асыруға бола ма?» деген сұрағымызды қойдық.

– Олардан қара алтынды бөліп алу маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда біздің жоба біршама жетілдіруді қажетсінеді. Күріш қауызынан жасалған сорбентті механикалық жолмен сығып, бойындағы мұнайды айырып алуға болады. Бірақ мұндайда сорбентті бірнеше рет пайдалану қасиеті төмендейді. Әдетте сорбентті бір рет емес, бірнеше рет пайдаланады. Әзір біз күріш қауызынан жасалған сорбентті үш-төрт рет пайдаланудың мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мәселе оң шешімін тапса, мұндай сорбентті өндірістік деңгейде өндіру мүмкіндігіне жол ашылады, – деді. Бұдан кейін жас ғалым қазргі таңда суға төгілген мұнайды жинап алуда синтетикалық сорбенттер қолданылатынын да айтты. Оларды сығып, бойындағы мұнайды бөліп алғаннан кейін синтетикалық сорбенттер бірден өз қалпына келеді екен. Бірақ мұндай сорбенттер өте қымбат.

Қазір әлем ғалымдары мұнаймен ластанған суды табиғи қалдықтармен, яғни, жаңғақ қабығы, ағаш пен банан қабығы, бидай сабағынан дайындаған. Орыс ғалымдарының графиттен жасаған сорбенттері бойына көп мөлшерде мұнайды сіңіретін қасиетімен ерекшеленіпті.

О баста графиттен жасалған 1 грамм сорбент 40 грамм мұнайды бойына сіңіріп, мұнай компанияларының қызығушылық танытқан. Бірақ Кеңес бауырымыз графиттен дайындалатын сорбенттің кемшін тұсы бар екенін алға тартты. Біріншіден, ол жеңіл, ластанған аймаққа тікұшақпен шашқанда желдің әсерінен айдалаға шашылып кетеді екен.

Екіншіден, бағасы қымбат. Ал Кеңес Құдайбергновтың ойлап тапқан сорбентін дайындайтын шикізат көзін Қазақстанда жетіп артылады. Қызылордадағы өсетін күріштің қауызын бәрін жинап, сорбент жасайтын болсақ, мұндай инновациялық өніммен өзіміздің мұнай компанияларын да қамтамасыз етіп, қалғанын сырт елдерге экспорттап, мол пайдаға кенелуге болады.

Елімізге игілік әкелетін іспен айналысып жүрген Кеңес Құдайбергеновты Елбасы «100 жаңа есім» жобасына лайық санадық. Алдағы уақытта ірі мұнай компаниялары жас ғалымның жұмысына назар аударып, ғылыми жобасына қолдау көрстеуінде қалаймыз.

 

Нұрлан Жұмахан

 

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз