Кеше үйге кештете келсем, әйелім долданып қарсы алды. Тамағын дастарханға тарс еткізіп қойды. Шайын итеріп берді.
Ішімнен «бұған не болды?» деп қоямын. Тыпыңдап бәрін істеп жүре беруші еді. Оның мұндай қылығын көрмеген мен шыдай алмадым. «Әй шешеңді…» деп, шымкенттерше бір боқтадым.
Мәссаған! Тілі шығыпты.
– «Мен де жұмыстан шаршап келдім. Балабақшадан балаңды алдым. Екінші балаңды мектептен алдым. Тамағыңды пісірдім. Жанталасып үйіліп қалған кіріңді жуып қойдым. Енді маған не дейсің? Аузыңа қасықпен тамақ құяйын ба? Сен не қырып келдің? Таң атпай таксоват етмін деп көзің көгеріп кетесің. Түске қарай келіп тамағыңды ішіп алып ұйықтайсың. Ондан қалса теледидар қарайсың, кино көресің. Интернет ақтарасың. Сенікі рахат өмір! Кешке тағы кетесің. Сөйтіп жүріп тапқаның 3-5 мың теңге ғана. Соны сұмдық көресің. Ал мен сенен он есе көп табамын. Балаңа да, тамағыңа да, басқасына да үлгеремін. Менікі неткен жан. Қолың бірдеңеге тисе, ахілеп-ухлеп шыға келесің».
Әйелім көтеріліп барып басылды. «Мынаған анық бір нәрсе болған», деп ойлап қоямын.
Сөйтсем, оны әлеуметтік желі құртқан екен.
– «Тамағыңды ішіп болсаң, бері кел, мынаны оқы. Фейсбуктағы бір дос қызым дәл менің басымдағы жағдайды жазыпты. Оқышы, сосын барып менің халімді түсінесің», деп Фейсбукты ашып, алдыма тосты.
Жазған – Жадыра деген қыз екен. Әйелім жанымнан кетпей тұрып алған соң, амалсыз оқуға тура келді. Әлгі жазғыш қарындас не жазыпты дейсіз ғой. Былай депті:
«Мына мәселеге әбден көзім жетті: қазіргі кезде отбасының бүкіл мәселесі әйелдің мойнында екен. “Еркекті сыйлау керек”, “еркектің аты – еркек”, “ақша таппаса, оны бетіне баса бермеу керек”, “еркекті жұмыстан келген соң аялап күтіп алып, тамағын алдына тосып тұру керек…”.
Міне, осындай моральді күнде естиміз. Бірақ, сол еркектер әйелдеріне лайық па? Әйелі де жұмыс істейді. Еркек тапқан ақшаны ол да табады. Кешке жұмыстан сілесі қатып кеп отырса да, бала-шағасының тамағын істеп, дастарқанын жайнатып қоюға тырысады. Ал, күйеулері болса, теледидарды қосып қойып, диванда шалқасынан жатады. Тура бір жауды шауып келгендей ғой жатыстары. Нәскиін де реттеп қоюды білмейді ғой, көп сабаздар. Сонда әйелдің тапқаны не рахат? Ол сондай өмірге лайық па? Әйелдің тамағын дайындап, кірін жуып, қонағын күтіп, ағайын-туысына жағынуы, үйін мұнтаздай етіп қойғанының да ақысы бар шығар? Соған лайық еркек деген де құрмет көрсету керек қой. Тек әйелден талап ете берсе, отбасында береке болмайды.
Ажырасу деген содан шығады. Кімге керек, ақшаны аз табатын әрі төбесінде зіркілдеп тұратын еркек? Мүмкін болса, өл-тал әйелден 10 мың теңге болса да көп ақша тап. Сонда әйеліңнің алдыңда жүзің жарық болады. Отбасыңды әйеліңнің көмегінсіз, жалғыз асырай алсаң, әйеліңе: “Тамақ қайда?!” деп дауысыңды көтеріп сөйлесең жарасады. Сосын әйелден талап ете бермей, оны да алдап-сулап тұру керек. “Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады” деген сөз бекер айтылмаған.
Қазақ әйелдері шындап келгенде күйеуін басынбайды. Өйткені, отбасында анасының әкесін сыйлап өскенін көрді. Соны қайталайды. Біз ер баланы тым қатты еркелетіп, жанаяр қып өсіретін сияқтымыз. “Әйелің жұмыс істемесе де, сен жалғыз отбасын асырай алатындай халде болуың керек” дегенді айтпайтын сияқтымыз.
Өзім білетін қазіргі қазақ әйелдерінің 80-90 пайызына қарап-ақ, осы постты жазып отырмын. Шынын айтсам, әйелдерді қатты аяймын. Ер-азаматы шын мәнінде арқасүйері болса ғой… “Бұлай жазып отырғанша, жақсы жігіт тауып тұрмыс құрмайсың ба? Бақыт деген – отбасың болып, балалы болу”, деп айтатындарыңызды білемін. Бірақ, өзін түсінетін, арқасүйер азаматы бар әйелдерді өте сирек көрем… Бәрінің “сырты бүтін, іші түтін”… Жалған намыспен қашанғы жүреміз?».
«Оқып болсаң, менің жанымды енді түсінген шырасың» деп әйелім мысқылдай күлді. Мен не дерімді білмедім. Өйткені жазбада дәл менің әйелімнің өмірі суреттеліпті.
«Еркектердің бәрі сол ғой» деп ыржалақтап күле бердім. Басқа не айтамын. Расында отбасы бар еркектердің бәрі мендей ме, екен? Кім не дейді?
Аян Мырзабек