Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
16
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

“Қатты өкінемін”. АҚШ-тағы ең мықты полицей – қазақ баласы іштегі сырын жайып салды (фото, видео)

288

11 минуттан тұратын фильмде Димаш өміріндегі өкініштері туралы да айтады.

 

Ата-әжемнің жанында – Шымкентте бақытты едім

– 7-сыныпқа дейін мен Шымкентте тұрдым. Ең бірінші ата-анам Америкаға кетті, менің 7 жасымда. Олардың Шымкентте бизнесі болды, бірақ банкротқа ұшырады, өйткені экономика нашар еді. Мен ата-әжемнің қолында тұрдым. Ата-әжемнің баласы болдым.

Мен Америкаға кеткеннен кейін ол кісілер көп ұзамай қайтыс болды. Ішқұсадан шығар деп ойлаймын… Ата-әжем мені қатты жақсы көретін, немересі емес, балалары секілді едім ғой,

мен олардың жанында өте бақытты болдым,- дейді ол ата-әжесіне деген сағынышын жасыра алмай.

Ал оның әкесі АҚШ-та тренер, өзінің залы бар екен. Арнайы жаттықтыратын класы бар. Оған қоса, қосымша құрылыста жұмыс істейді екен.

Екі ортада сарылып жүргенде Олимпиадаға іліге алмадым

– Кішкентай кезімнен, 6-7 жасымнан бокспен шұғылдандым. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда. Нұрғали Сайфуллин жаттықтырды бізді. Ол кісі Қазақстандағы олимпиада бокс құрамасының бас жаттықтырушысы болатын. Мен осында келгенде, әкем мені кикбоксқа берді. Жастар арасындағы әлем біріншілігінің чемпионы болдым. Бокс Америкада өте танымал спорт түрі, үлкен шоу-бизнес. Олимпиадада өнер көрсетсем деген арманым болды. Оны жүзеге асыру үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім, тырысып бақтым…

Мен осында жүргенмен Қазақстан азаматы едім. Сол үшін Қазақстанға барып, өз елімнің атынан Олимпиадаға қатысу керек болды. Сөйтіп Қазақстан ұлттық құрамасымен Қытайға бардық, жаттықтық. Олимпиадаға 6 ай қалғанда мен АҚШ азаматтығын аламын ғой.

Сөйтсе, Қазақстан заңы бойынша екі азаматтыққа тыйым салынған екен. Осы менің жолымды бөгеді. Сөйтіп, Олимпиадаға іліге алмадым.

Ал мұнда келгенде, Қазақстан төлқұжатын алып, оны жойды.

Сол кезде өзімді біртүрлі сезіндім. Жүрегімді жұлып беріп қойған секілді ме, қалай?

Енді сондай бір түсініксіз сезім?.. Мен қазақпын, Қазақстанда тудым ғой. Иә, Америкада тұрып жатқан шығармын. Бірақ менің жүрегім қазақ!!! – дейді Димаш өз ұлтын әрдайым мақтан ететінін білдіріп.

Геннадий Головкин, Қанат Ислам секілдімін ғой…

Осындай өкініштері барына қарамастан Димаш қазақы болмысына сай қайсарлық танытып, діттеген мақсатына тура тартуда екен.

– Полицияда жұмыс істеймін. Оған қоса,

қазір мен кәсіби боксшымын. 61-63 келі жеңіл салмақта өнер көрсетем. 10 жеңісім бар, жеңіліс жоқ.

Әкемнің клубында жаттығамын. Өзімнің командам бар. Жаттықтырушы – әкем, тағы бір боксшы бар, ол Өзбекстаннан. Кәдімгідей жұмыс. Геннадий Головкин, Қанат Ислам секілдімін ғой. Тек олардың рекорды үлкен, көрсеткіштері өте жақсы, ал мен енді бастаушы – проспектімін, – дейді тура осы араға келгенде көзі оттай жайнаған Димаш желпініп.

Айта кетелік, АҚШ-та полицей боп жұмыс істейтін қазақ баласы – Димаш Ниязов жақында жақсы жұмысы үшін ерекше жетон алған. NYPD (New York City Police Department) бөлімінде үш жыл уақыт жұмыс істеп жатыр. Ол Бруклин ауданында патруль қызметін жүргізеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз