Алматыға алғаш келген жылдары көрші үйде жасы алпысты алқымдап қалған бір қазақ аға тұрды.
Қазір тірі ме, жоқ па, білмеймін. Коммунистік партияның қатарына өтпеген, өмірі комсомол болып қана келе жатқан адамға ұқсайтын. Өзі де мәңгі комсомол екенін қайталап айтып жүреді. Жұмысына сондай тиянақты.
Жүріс-тұрысынан комсомолдықтардың алымы, принціпшілдігі, әр нәрсенің ұсақ-түйегіне дейін тақылдап тұрып сұрайтын мінезі байқалып тұрады. Темекіні көп тартатын.
Сөз жоқ, комсомол, пионер, октябрят ұйымдары – сол кездегі жүйені бір рамкада ұстап тұрған, адамдарды әдепке, тәртіпке үйреткен моральдық фундамент болды. Бірақ олар түптеп келгенде қазақты қынадай қырған, мәңгүрттеген идеологияға қызмет етті.
Осындағы бір ағамыз да сұқбатында комсомолдың осындай жақсы жақтары болғанын, алашордалықтардың емес, комсомолдың 100 жылдығын атап өткені де содан, олардың сол мектепке деген құрметі болды деген сыңайда сарнапты. Былай қарасаң, бәрі дұрыс секілді.
Бірақ олардың сол ескі тәртіппен келе жатқаны, өздерінің өскелең ұрпақты тәрбиелейтін сондай бір мектеп қалыптастыра алмағаны – сол бұрынғысын бұлдап жүргендей болып көрінетін баяғы комсомолдардың кемшілігі екенін де ашық айту керек. Өздері соған балама болатын бір ұйым құра алмады да, жаңа жол, жаңа сүрлеу салатын уақыты болса да, әлі сол баяғы мақаммен сарнап, әлі сол әбден тапталып қалған ескі сүрлеумен келе жатыр.
Қашанғы өткен империяның қаңсығымен мақтанамыз, ағалар-ау?
Сәвет Одағы кезіндегі кез келген ұйымды ақтап алуға да, құрметтеуге де болмайды. Өзіміз одан да асып кеткен бір керемет мектеп қалыптастырып, сонымен салыстыра қарайтын жаңа жүйе құрсақ бірсәрі, қай жерімізбен мақтанамыз?
Бұл – мақтан емес, соған балама болатындай ешқандай жаңа жүйе жасай алмаған сол ұрпақтың (комсомолдардың) дүмшелігі, шарасыздығы ғана!
Жолымбет Мәкіш
Фейсбуктегі парақшасынан