Криптовалютаны аламыз ба, алмаймыз ба, ол заңды ма, заңсыз ба деп ел дел-сал боп жүргенде біреу оны көптеп сатып алып, аяқ-асты байып кетті.
9 және 12 ақпан аралығында биткоинның құны қатты арзандаған сәтін ұтымды пайдаланған біреу 400 млн долларға 40 мың биткоин сатып алыпты. Ал 19 ақпанда бір биткоинның құны 11 мың долларға шарықтап шыға келген деп хабарлады “Вести.Экономика“.
Осылайша 40 мың биткоин сатып алған құпия инвестордың активі 2,5 есеге өсіп, 1 млрд доллардан асып түскен. Қор биржасындағылар оның кім екенін анықталмай алмай, шуласып жатыр. Бәрін ол қай елдің инвесторы екен деген сұрақ қызықтырады.
Бұл ақпарат қазір әлеуметтік желі мен экономикалық форумда қызу талқыланып жатыр.
“АҚШ пен Азияның қаржы реттеушілері арасындағы жағдай ушығып жатқанда биткоинның құны түсіп, оны ұтымды пайдалануға тырысқандар көп болды, бірақ мына адам бір күнде миллиардер болып шыға келді. Кім болды екен, қызық қой, бірдеме білсеңіздер айтыңыздаршы”, – деп жазады Tetras Capital компаниясының негізін қалаушы, MarketWatch-тың әріптесі Алекс Суннаборг.