Нұр-Сұлтан
Қазір
6
Ертең
2
USD
445
-1.34
EUR
474
-1.25
RUB
4.76
-0.02

Қаржы пирамидасынан қалай сақтануға болады?

-Бас прокуратураның мәлімдеуінше қаржы пирамидалары қызметін жандандыру үшін көбіне ғаламторға жүгінеді. Біздің елде интернет желісі қарқынды дамып келе жатқанымен, оның кеселді тұстарынан сақтану жолдары әлі толық жетілмеген. Сондықтан, сиқырдың сан қырын меңгерген қаржы пирамидаларының арбауына түсіп жатқандар аз емес.

Бүгінде ел аумағында нақ осы қаржы пирамидаларына байланысты 7 бірдей қылмыстық іс қозғалған. Олардың үшеуі Алматыда, үшеуі Қарағанды, тағы бірі Қызылорда облысында. Осындай сөз сиқырымен арбайтын жалған қаржы ұйымдары көбейген соң, Бас прокуратура ел азаматтарына абай болуды ескертіп жатыр.

Марат Сексенбаев, ҚР Бас прокуратурасы құқық қорғау департаментінің бастығы:

– Көп адамдарды табыс табасың  деп өздеріне тартады. Бұл ұйымдар шетелде тіркелген. Бұлардың құрылтайшылары белгісіз. Алған ақшаны шетелге аударады.

Қаржы пирамидасының қармағына түспеуге Ұлттық банк те үндеп, ресми сайтына арнайы хабарлама жариялады. Онда жалған компаниялардың қандай болатынын тәптіштеп түсіндіріп, олардың жасырын қызметін өз бетінше анықтау жолдарын жазған.

Осындай үндеу жариялауға себеп жағдайлардың бірі жуырда ғана Семейде болды. Қаржы пирамидасын жүзеге асырған Гүлзира Шорановаға 5 жыл сотталып та үлгерген. 44 жастағы әйел 2014 жылы Ақтөбеде жеке кәсіпкер болып тіркелген екен. Сөйтіп, бір жыл бойы ғаламтор арқылы жұртты сан соқтырыпты. Шоранованың ұйымына бүгінде 30 адамның оңбай алданғаны анықталды. Баспаналы болып, қымбат көлік мінуді армандағандар алаяқ келіншектің қалтасына 71 млн 510 мың теңгені салып берген.

Лаура Досмайылова, Семей қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры:

Бәріне жеңіл ақша табуға уәде берген. Ал пирамидаға кіру үшін әрбір адам 55 мың теңге салуы қажет болған. Сондай-ақ, жоба аясында машина да ұтқызамыз деп алдапты. Ол үшін әрқайсысы 200 мың теңге төлем жасауы шарт екен. Бұған сенгендер қыруар ақшасын салып жіберген.

Ал өткен аптада Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан «Questra Holdings Inc» деп аталатын ұйымды тергеу қажет деп мәлімдеген болатын. Артынша аталған компанияға қатысты Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасы қылмыстық іс қозғады. Өйткені аталған компанияның кеңселері Қызылорда мен Қазалыда екен.

 

Дереккөз: КТК арнасы 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз