Қазақстандықтар сот арқылы өзіне жазылған айыппұл мен өсімақыны, тіпті, қарыздың өзін бүтіндей жоя алатын болады.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің борышкерлермен жұмыс басқармасының бастығы Айгүл Уәлиева мәлім етті деп хабарлады LSM басылымы.
„Жеке тұлғалардың қарызын өтету механизмі бізде тиімсіз, сондықтан да банктер ақшасын кері қайтара алмауда.
Қарызға белшесінен батқан адамның мәселесін ушықтырмас үшін, бұл заң жобасы төлем қабілеттілігін қалпына келтіретін екі тетікті қарастырады.
Бұл – соттан тыс және сот арқылы болып келеді„ – дейді Айгүл Уәлиева.
Соттан тыс жағдайда борышкер мен несие беруші өзара келісімге келіп, қарызды төлеудің кестесін екі тарапқа да ыңғайлы болатындай жасайды.
„Бұл бес жылға арналған келісім. Борышкер ақшасын қалай қайтаратынын өзі айтады.
Ал несие беруші борышкердің қарызды қайтаруға ниетті екенін біліп, оған көз жеткізген соң, оның несиесі бойынша қосылған өсімақы мен айыппұлдарды шегереді, сондай-ақ тағы басқа жеңілдіктер қарастырылады„ – дейді маман.
Ал қарызды төлей алмайтын жағдайда, бұл мәселемен сот айналысатын болады. Бұл арада кепілге алынған мүлік жайы қарастырылады.
„Бұл арада ипотекалық несие алушылардың жайы көп алаңдатады. Егер ол жалғыз баспанасы болса, онда банк оны үйінен қуып шыға алмайды.
Мұндай жағдайда ол адам әлеуметтік аз қамтылған топқа жатқызылып, үйі сатылмайды, ал қарызы кешірілуі мүмкін„
– дейді Айгүл Уәлиева.
Сондай-ақ маман баспанаға айырбас ретінде қарыздың бүтіндей жабылуы мүмкін екендігін де баса айтады.
„Үйін сатуға алып, белгіленген баға қарызды толық жаба алмаса, онда сот бүтін қарызды жабуға шешім шығара алады. Мұндай сотқа қаржы әкімшілігі қатысатын болады. Оның қызметі үшін 15-тен 20 айлық есептік көрсеткішке дейін (1АЕК – 2269 теңге, яғни, 35 мыңнан 45 мың теңгеге дейін) ақы төленуі тиіс. Егер арызданушы бұл ақыны төлей алмаса, ол сатылатын үйдің құнынан ұсталып қала алады„, – деді ол.
Айта кетелік, 2017 жылдың 1-сәуіріндегі тіркелген мәлімет бойынша, Қазақстанда банктер 5,3 млн жеке тұлғаға несие берген. Оның ішінде, 3,7 млрд теңге проблемалық несие болып табылады.